САРАПШЫЛАР
«Самұрық-Қазына» мемлекеттен 1,25 трлн теңге табысын жасырып қалды — Азат Перуашев

Үкімет өзінің жұмысын толық көрсетпей отырған болуы мүмкін. Өйткені өңірлерде терең бөлініске негізделген, ұлттық экономиканың құрылымына әсер ететін жаңа инвестициялық жобалар пайда болып жатыр. Бірақ ол жобалар Үкіметтің есебінде жоқ. Ал осы жобаларға Үкіметтің шешімі бойынша «Самұрық-Қазына» қоры арқылы триллиондаған теңге Парламент пен бюджетті айналып өту жолымен бөлініп отыр. Осылайша параллельді экономиканың сипаттары қалыптасып отыр. Бюджет арқылы өтетін экономика бар да, Үкімет Парламентте талқылап, есеп бермей-ақ қалыптастырып жатқан экономика бар, — деді ол.
Депутат «Ақжол» партиясы мемлекет пен квазимемлекеттік кәсіпорындардың бүкіл қаражатын бюджет арқылы бағыттауды ұсынудан жалықпайтынын айтады.
— 2024 жылдың бюджетін бекітер кезде «Ақжол» фракциясы Бюджет кодексіне квазимемлекеттік кәсіпорындардың бүкіл табысын бюджеттің кіріс бөлігіне алып қою туралы талап енгізген болатын. Бірақ оның орнына «Самұрық-Қазына» қорының жүйе құраушы компанияларынан түскен табыстың 50 пайызын қордың өзі анықтаған бағыттарға жіберу туралы норма қабылданып кетті. «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингі, бүкіл даму банктері мен даму институттары, әкімдіктер мен министрліктер жанынан ашылған саны көп әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар тағы да бюджеттен тыс қалып отыр, — дейді Азат Перуашев.
Айтуынша, Жоғары аудиторлық палата «Самұрық-Қазына» қорының 11 еншілес кәсіпорнынан түскен 347 млрд теңге табыс бюджетке түспегенін анықтаған.