Бізге жазылыңыз:

«Самұрық-Қазына» компаниялары қазақстандық IT-шешімдерді басым тәртіппен сатып алады

«Самұрық-Қазына» компаниялары қазақстандық IT-шешімдерді басым тәртіппен сатып алады

Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі «Самұрық-Қазына» АҚ-мен бірлесіп, Қор тобына кіретін компанияларға қазақстандық IT-шешімдерді басым тәртіппен сатып алуға мүмкіндік беретін жаңа механизм әзірледі.

Жоба Astana Hub резиденттерінің дайын цифрлық өнімдер базасы негізінде іске асырылады.

2026 жылғы 21 қыркүйектен бастап «Самұрық-Қазына» АҚ-ның және дауыс беретін акцияларының немесе қатысу үлестерінің кемінде 50%-ы Қорға тікелей немесе жанама түрде тиесілі ұйымдардың сатып алу тәртібіне тиісті өзгерістер күшіне енді.

Арнайы IT-компаниялар тізілімі жасалады

Жаңа тәртіп бойынша Astana Hub скоринг нәтижелерін, өнімдерді санаттарға бөлуді және Тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің бірыңғай номенклатуралық анықтамалығының (ТЖҚ БНА) кодтарын ескере отырып, отандық IT-компаниялар мен олардың өнімдерінің арнайы тізілімін қалыптастырады.

Осы тізілімге енгізілген Astana Hub резиденттерінен тиісті тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді басым тәртіппен сатып алу қарастырылған.

Сатып алу рәсімдерін жеделдету үшін zakup.sk.kz және Astana Hub ақпараттық жүйелерін интеграциялау жоспарланып отыр. Бұл негізгі процестерді автоматтандырып, шарт жасасу мерзімін 10 жұмыс күніне дейін қысқартуға мүмкіндік береді.

Жаңа механизм аясындағы сатып алулар Astana Hub резиденттері арасында баға ұсыныстарын сұрату арқылы жеңілдетілген және жеделдетілген тәртіпте жүргізіледі.

Басымдықпен сатып алынатын тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің тізбесін Astana Hub-пен келісу арқылы «Самұрық-Қазына» АҚ-ның Ақпараттық технологиялар жөніндегі сарапшылық кеңесі бекітеді.

Механизм пилоттық режимде іске асады

Жаңа тәртіп 2026 жылғы 21 қыркүйектен 2027 жылғы 1 шілдеге дейін жүзеге асырылатын пилоттық жоба шеңберінде қолданылады.

«Отандық IT-компаниялар үшін бәсекеге қабілетті цифрлық шешімдерді әзірлеумен қатар, оларға нақты сұраныстың болуы да маңызды. Жаңа тетік өнімді әзірлеуден бастап оны квазимемлекеттік сектордың ірі ұйымдарында енгізуге дейінгі жолды қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл қазақстандық IT-компаниялардың дамуына, олардың шешімдерін ауқымдандыруға және цифрлық өнімдердің тұрақты ішкі нарығын қалыптастыруға қосымша серпін береді деп сенеміз», – деді Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Сейдахметұлы Байтырсынов.

Осылайша, жаңа механизм қазақстандық цифрлық әзірлемелерді коммерцияландырудың қосымша арнасын қалыптастырып, ірі ұлттық компаниялар тарапынан отандық IT-шешімдерге тұрақты сұранысты арттыруға бағытталады.

Ұқсас материалдар