Қазақстанда ұзындығы 4,6 мың шақырымнан асатын 746 канал қайта жаңғыртылуда
Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі суару инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қайта жаңғырту жұмыстары жалпы ұзындығы 4,6 мың шақырымнан асатын 746 каналды қамтиды.
2026 жылы ведомство ұзындығы 964 шақырым болатын учаскелердегі жұмыстарды аяқтауды жоспарлап отыр. Нәтижесінде шамамен 200 мың гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз ету жақсарады деп күтілуде.
Ирригациялық желілерді жаңғыртудың негізгі мақсаты — суды тасымалдау кезіндегі шығындарды азайту. Сонымен қатар бірқатар нысанда су ресурстарының көлемін дәл есепке алуға мүмкіндік беретін автоматтандыру элементтері енгізілуде.
Министрлік бұдан бөлек, басқа да инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырып жатыр. Атап айтқанда, 12 гидротехникалық құрылысты қайта жаңғырту, жалпы көлемі 887 млн текше метр болатын бес су қоймасын салу және ауыз сумен жабдықтаудың 12 нысанын іске асыру жұмыстары жүргізілуде. Соңғы жобалар 142 елді мекенді сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған.
Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Салимов су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту ауыл шаруашылығы үшін, әсіресе агроөнеркәсіптік тауар өндірушілердің басым бөлігі шоғырланған оңтүстік өңірлерде ерекше маңызды екенін атап өтті.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында аграрлық секторда суды барынша тиімді пайдалану қажеттігіне ерекше назар аударған. Қайта жаңғыртылып жатқан нысандарға автоматтандырылған есепке алу жүйелерін енгізу су ресурстарын тиімді басқаруға ықпал етеді.





