Алматы Қытай нарығында іскерлік туризмді дамыту бағытындағы жұмысын күшейтіп жатыр. Қала корпоративтік саяхатшыларды, халықаралық конференциялар мен іскерлік іс-шараларды көбірек тартуды көздейді.
Осы бағыттағы қадамдардың бірі — 3–5 қараша аралығында Бейжіңде өткен China International MICE Exchange (CIMX Beijing 2026) халықаралық көрмесіне қатысу. Көрмеде Visit Almaty ұйымы қаланың туристік мүмкіндіктерін Қытайдың туроператорларына, іс-шара ұйымдастырушыларына және корпоративтік сапарларға жауапты компанияларға таныстырды.
Қытай нарығының маңызы артып келеді
Қытай Алматы үшін перспективалы туристік нарықтардың бірі саналады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қалаға ҚХР-дан 136 419 турист келген. Бұл алдыңғы жылдың көрсеткішінен 37,6%-ға жоғары.
Туристік алмасудың артуына Алматы мен Қытайдың төрт ірі қаласы — Бейжің, Шанхай, Гуанчжоу және Үрімші арасындағы тікелей әуе қатынасы да ықпал етіп отыр.
Туристер ағынының өсуіне байланысты қала MICE-туризм бағытына да ерекше назар аударуда. Бұл бағыт халықаралық конференцияларды, корпоративтік іс-шараларды және іскерлік сапарларды қамтиды.
Іскерлік іс-шаралар мен туристік мүмкіндіктер
Алматының халықаралық іс-шараларды ұйымдастырушылар үшін басты артықшылықтарының бірі — іскерлік бағдарламаны туристік демалыспен ұштастыру мүмкіндігі. Конференциялар мен корпоративтік кездесулерге қатысушылар жұмыс кездесулерінен бөлек, тау курорттарын аралап, жергілікті мәдениетпен, ұлттық тағамдармен және қаланың көрікті жерлерімен таныса алады.
CIMX Beijing 2026 көрмесі аясында Visit Almaty өкілдері Қытайдың туристік нарығына қатысушылармен келіссөздер жүргізді. Тараптар бірлескен бағдарламаларды әзірлеу, Алматыны корпоративтік клиенттер арасында ілгерілету және халықаралық іс-шараларды өткізу мүмкіндіктерін кеңейту мәселелерін талқылады.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, көрмеге 41 ел мен өңірден туризм индустриясының 3 мыңнан астам өкілі қатысты.
Қытай нарығындағы ілгерілету жұмыстары Алматының іскерлік туризм географиясын кеңейтуге, шетелдік қонақтардың жаңа санаттарын тартуға және қаланың туристік инфрақұрылымына сұранысты арттыруға бағытталған.





