БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) Қазақстанның Энергетика министрлігімен бірлесіп, электр желілерінің энергия тиімділігін арттыру жобасын іске асыруға кіріседі. Бастама электр энергиясының шығынын азайтуды, энергия үнемдейтін заманауи технологияларды енгізуді және қолданыстағы инфрақұрылымды тиімді пайдалануды көздейді.
Жоба Климаттың өзгеруін жұмсарту жөніндегі іс-қимыл қорының (Mitigation Action Facility) қаржылық қолдауымен жүзеге асырылады. Оның іске қосылуы жыл сайын 11 қарашада атап өтілетін Халықаралық энергия үнемдеу күніне орайластырылған.
БҰҰДБ деректеріне сәйкес, Қазақстанның электр желілеріндегі электр энергиясының орташа шығыны шамамен 12%-ды құрайды. Салыстыру үшін, Қырғызстанда бұл көрсеткіш 15%-ға, ал Өзбекстанда 14–16%-ға жетеді.
Электр энергиясы шығынының негізгі себептерінің бірі — реактивті қуаттың артық болуы. Ол электр желілеріне түсетін қосымша жүктемені арттырып, сымдардың қызуына және инфрақұрылымның өткізу қабілетінің төмендеуіне әкеледі. Соның салдарынан тұтынушылардың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін көбірек электр энергиясын өндіру қажет болады.
Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанды қамтитын өңірлік бастаманың жалпы бюджеті 8 млн еуроны құрайды. Жоба 2024 жылы мақұлданған. Оның негізгі мақсаты — жаңа нысандарды ауқымды көлемде салмай-ақ, қолданыстағы электр желілерінің тиімділігін арттыру.
Германияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Хайке Ренате Пайчтың айтуынша, электр желілері инфрақұрылымының тиімділігін арттыру электр энергиясын тұтыну көлемі өсіп, Орталық Азия елдерінің энергетикалық жүйелеріне түсетін жүктеме күшейген жағдайда ерекше өзекті болып отыр. Ол сондай-ақ үш елдің энергетикалық жүйелері өзара тығыз байланысты болғандықтан, өңірлік ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігінің климат және жасыл өсу мәселелері жөніндегі бағытының жетекшісі Томас Пирсон қолданыстағы қуаттарды тиімді пайдаланудың қажеттілігіне назар аударды. Оның пікірінше, заманауи технологияларды енгізу электр энергиясының шығынын азайту мүмкіндіктерін бағалауға және тұтынушыларға жеткізілетін энергия көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
Техникалық шешімдерден бөлек, бағдарлама қолданыстағы заңнаманы талдауды және оны жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеуді қамтиды. Сондай-ақ энергия үнемдейтін технологиялардың экономикалық тиімділігін көрсету және қаржы секторының осындай бастамаларды қолдау мүмкіндіктерін кеңейту жоспарланып отыр.
Жобаның негізгі технологиялық құралдарының бірі — реактивті қуатты өтеу. Бұл технологияны қолдану электр желілеріне түсетін жүктемені азайтуға, энергия шығынын қысқартуға, кернеу сапасын жақсартуға және қолданыстағы инфрақұрылымды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Құрылтай депутаты Сұңғат Есімханов жобаның энергия үнемдеу саласындағы заңнаманы жетілдіруге ықпал ететінін атап өтті. Оның айтуынша, бастаманың бірнеше елді қамтуы оған ерекше маңыз береді.
БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерния заманауи технологияларды енгізу нормативтік-құқықтық базаны жетілдірумен, кәсіби құзыреттерді дамытумен және тиімді шешімдерді кеңінен қолдануға жағдай жасаумен қатар жүруі қажет екенін айтты.
Электр энергиясының шығынын қысқарту энергетика саласының экологиялық көрсеткіштеріне де оң әсер етеді деп күтілуде. Өндірілген энергияны ұтымды пайдалану қосымша генерациялау қуаттарына деген қажеттілікті азайтып, парниктік газдар шығарындыларын төмендетуге мүмкіндік береді.
Қазақстанда жоба жаңартылған Ұлттық деңгейде айқындалатын үлестің (ҰДАҮ) басымдықтарына және 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясына сәйкес келеді. Жоба аясында жинақталған тәжірибе Орталық Азия елдерінде реактивті қуатты басқару технологияларын одан әрі кеңінен енгізу үшін пайдаланылмақ.





