Бізге жазылыңыз:

eGov Business арқылы бизнестің кредиттік және сақтандыру тарихын тексеруге болады

eGov Business арқылы бизнестің кредиттік және сақтандыру тарихын тексеруге болады

Қазақстандық кәсіпкерлерге eGov Business мобильді қосымшасында «Мемлекеттік кредиттік бюро. Кредиттік және сақтандыру тарихының гиді» атты жаңа цифрлық сервис қолжетімді болды. Енді заңды тұлғалар кредиттік міндеттемелері мен сақтандыру тарихы туралы есептерді ұйымдарға бармай-ақ, онлайн режимде тегін ала алады. Бұл туралы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ хабарлады.

Компанияның мәліметінше, жаңа сервис бизнес өкілдеріне кредиттік міндеттемелерді бақылауға, мерзімі өткен берешектің бар-жоғын тексеруге және заңды тұлғаның сақтандыру тарихы туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді.

Пайдаланушыларға Мемлекеттік кредиттік бюро ұсынатын үш түрлі есеп қолжетімді:

  • Қысқаша кредиттік есеп – қолданыстағы кредиттік міндеттемелер мен мерзімі өткен берешек туралы мәліметтерді қамтиды.

  • Кредиттік есеп – заңды тұлғаның соңғы бес жылдағы кредиттік тарихы туралы толық ақпарат береді. Оның ішінде қолданыстағы және жабылған міндеттемелер, жасалған шарттар мен төлем тәртібі көрсетіледі.

  • Сақтандыру есебі – қолданыстағы және бұрын жасалған сақтандыру шарттары мен полистері туралы мәліметтерді қамтиды.

Бұл функция заңды тұлғалардың бірінші басшыларына, сондай-ақ тиісті электрондық цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) болған жағдайда «Қазынашылық» ақпараттық жүйесіне енгізілген қызметкерлерге қолжетімді.

«eGov Business жүйесінде жаңа сервистің іске қосылуы бизнес өкілдеріне қолданыстағы кредиттік міндеттемелер мен сақтандыру тарихы туралы ақпаратты жедел алуға мүмкіндік береді. Бұл заңды тұлғаның қаржылық бейінін басқаруды жеңілдетіп, кәсіпкерлерге негізделген бизнес шешімдерін қабылдауға көмектеседі», – деді «ҰАТ» АҚ басқарма төрағасы Шыңғыс Оразалымов.

Оның айтуынша, 2026 жылы eGov Business қосымшасының жаңартылған нұсқасында 124 мыңнан астам пайдаланушы тіркелген. Ал ай сайын сервисті шамамен 46 мың кәсіпкер қолданады.

Жаңа сервисті пайдалану үшін eGov Business қосымшасына кіріп, «Сервистер» бөлімінен «Мемлекеттік кредиттік бюро. Кредиттік және сақтандыру тарихының гиді» қызметін таңдау қажет. Одан кейін дербес деректерді пайдалануға келісім беріп, қажетті есеп түрін таңдап, «Жүктеу» батырмасын басу керек. Дайын құжатты смартфонға сақтауға болады.

Мемлекеттік кредиттік бюро басқармасының төрағасы Линара Ануарбекованың айтуынша, жаңа құрал кәсіпкерлерге қаржылық ақпаратты өз бетінше бақылауға, оның дұрыстығын тексеруге және оны бизнес шешімдер қабылдау кезінде ескеруге мүмкіндік береді.

Бұған дейін жеке тұлғаларға арналған осындай сервис 2024 жылы eGov Mobile қосымшасында іске қосылған болатын.

Мемлекеттік кредиттік бюроның мәліметінше, сервис іске қосылғанға дейін ай сайын шамамен 96 мың сұраныс тіркелген. Ал 2025 жылы бұл көрсеткіш айына 3,8 млн сұраныстан асып, шамамен 40 есе өсті.

Енді кредиттік және сақтандыру тарихын цифрлық форматта алу мүмкіндігі заңды тұлғаларға да қолжетімді болды.

Бұған дейін Қазақстанда eGov Business мобильді қосымшасының функционалы кеңейтілетіні хабарланған еді. Платформа мемлекеттік қызметтерді, цифрлық сервистерді және кәсіпкерлерді қолдау шараларын біріктіреді. Атап айтқанда, корпоративтік банк карталарын рәсімдеу және ЭЦҚ арқылы электрондық форматта шарттар жасасу мүмкіндіктері қарастырылған.

Ұқсас материалдар