Бізге жазылыңыз:

Банктердің қарыз алушылардың борыштық жүктемесін есептеу тәртібі тексеріледі

Банктердің қарыз алушылардың борыштық жүктемесін есептеу тәртібі тексеріледі

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) Debt Service Review (DSR) атты тұрақты қадағалау процесін іске қосты. Ол екінші деңгейлі банктерде қарыз алушылардың борыштық жүктеме коэффициентін (БЖК) есептеу дұрыстығын тексеруге бағытталған. Тексеру аясында 11 ірі банк қамтылады.

Жаңа рәсім азаматтардың төлем қабілетін неғұрлым объективті бағалауға және жауапты кредиттеу тәжірибесін нығайтуға мүмкіндік береді. Бөлшек кредиттеу көлемі өсіп жатқан жағдайда реттеуші банктердің жаңа қарыз беру туралы шешім қабылдаған кезде клиенттердің кірістері мен қолданыстағы міндеттемелерін қаншалықты дұрыс ескеретініне ерекше назар аударып отыр.

Тұрақты қадағалау процесін іске қосу алдында Агенттік сегіз банкте пилоттық тексеру жүргізді. Оның нәтижелері БЖК есебіне жүйелі бақылау енгізу қажеттігін көрсетті.

DSR аясында реттеуші халықтың шамадан тыс кредит алуына жол бермеуді, борыштық жүктеменің төмендетіліп көрсетілу жағдайларын уақтылы анықтауды, банктердің есептеу тәсілдерін біріздендіруді және кредиттік портфельдердің сапасын арттыруды көздейді.

Сонымен қатар тексерулер банктердің қарыз алушылардың төлем қабілетін бағалау кезінде қолданатын ішкі модельдерін талдауға және оларды түзету қажеттілігін анықтауға мүмкіндік береді.

Қадағалау шараларының қорытындысы бойынша ҚНРДА анықталған заңбұзушылықтардың сипаты мен маңыздылығын бағалайды. Қажет болған жағдайда реттеуші қадағалау шараларын қолдану және банктерден кемшіліктерді жою жөніндегі жоспарларды әзірлеуді талап ету мәселесін қарайды. Тексеру нәтижелері БЖК есептеу бойынша нормативтік талаптарды жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды дайындау кезінде де пайдаланылмақ.

Борыштық жүктеме коэффициенті қарыз алушының кредиттер бойынша ай сайынғы төлемдерінің орташа айлық кірісіне қатынасын көрсетеді. Бұл көрсеткіш клиенттің қолданыстағы міндеттемелерін өтеумен қатар жаңа қарызды да төлей алу мүмкіндігін бағалауға көмектеседі.

БЖК-ні есептеудегі қателер азаматтардың төлем қабілетін асыра бағалауға, банктердің кредиттік тәуекелдерінің өсуіне және халықтың борыштық жүктемесінің одан әрі артуына әкелуі мүмкін.

Ұқсас материалдар