Бізге жазылыңыз:

Қазақстанда әрбір үшінші жаттықтырушының жалақысы 30%-ға өсті

Қазақстанда әрбір үшінші жаттықтырушының жалақысы 30%-ға өсті

Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің жаттықтырушы-оқытушыларына лауазымдық жалақысының 30%-ы мөлшерінде қосымша ақы төлеу енгізілуде. Тиісті норма Мемлекет басшысы 2026 жылдың басында қол қойған туристік саланы және балалар спортын қолдау туралы заңда көзделген.

Қосымша ақы алу үшін мамандар біліктілік тестілеуінен сәтті өтіп, оқу-жаттығу процесін ұлттық даярлық стандарттарына сәйкес жүргізуі керек.

Қазіргі уақытта елімізде 526 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Онда 15 мыңнан астам жаттықтырушы-оқытушы еңбек етеді. Олардың жетекшілігімен 398 342 бала спортпен шұғылданады. Спорт мектептеріне балалар бес жастан бастап қабылданады.

Жыл басынан бері әр өңірден 5 863 жаттықтырушы біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Жоспарға сәйкес, жыл сайын жаттықтырушы-оқытушылар құрамының 30%-дан астамы біліктілік тестілеуінен өтеді. Оны Дене шынықтыру және спорт бойынша республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығы ұйымдастырады.

Жаттықтырушыларға қосымша ақы төлеу үшін жергілікті бюджеттен қаражат бөлу мәселесін Республикалық бюджет комиссиясы қолдады.

Балалар спортына 74 млрд теңге бөлінеді

Заңнамалық өзгерістер балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру жүйесіне көшіруді және жаттықтырушылардың еңбекақысын арттыруды да көздейді.

2026–2028 жылдарға арналған қаржыландырудың жалпы көлемі 74 млрд теңгені құрайды. Оның 1,8 млрд теңгесі жаттықтырушы-оқытушыларға қосымша ақы төлеуге бағытталады.

Қалған қаражат спорт мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, балалардың жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарына қатысуына, фармакологиялық қамтамасыз етуге, сондай-ақ спорттық киім-кешек пен қажетті жабдықтарды сатып алуға жұмсалады.

Бұл өзгерістер жаттықтырушы мамандығының беделін арттыруға, балалар спортына білікті мамандарды тартуға және тәжірибелі кадрларды салада сақтап қалуға бағытталған. Сондай-ақ болашақ чемпиондарды даярлауға қажетті жағдай жасау көзделген.

Ұқсас материалдар