Бізге жазылыңыз:

ОАӨЭЫ елдерінен Қазақстанға $30 млрд-тан астам инвестиция тартылды

ОАӨЭЫ елдерінен Қазақстанға $30 млрд-тан астам инвестиция тартылды

Соңғы 20 жылда Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы (ОАӨЭЫ) елдерінен Қазақстан экономикасына $30 млрд-тан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Ал Қазақстанның өңір мемлекеттеріне салған инвестиция көлемі $4 млрд-тан асты. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Алматыда өткен Орталық Азиядағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі екінші Тянь-Шань форумының ашылуында мәлімдеді.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ОАӨЭЫ елдерімен тауар айналымы $8,8 млрд-ты құрап, бір жылда 14,4%-ға өсті. Сонымен қатар Қазақстанда өңір мемлекеттерінің қатысуымен 28 мыңнан астам кәсіпорын және 2,5 мыңнан астам бірлескен компания тіркелген.

Серік Жұманғарин өңірлік ынтымақтастықтың негізгі бағыттары ретінде өзара сауданы кеңейтуді, көлік-логистика байланысын дамытуды және сапалы инвестициялар тартуды атады.

«Біздің ортақ міндетіміз – сауда көлемін ұлғайтып қана қоймай, кедергілерді біртіндеп жою, сауда рәсімдерін жеңілдету, электрондық сауданы дамыту және кәсіпкерлердің көршілес мемлекеттер нарығына шығу мүмкіндігін кеңейту», – деді вице-премьер.

Тағы бір маңызды бағыт – көлік инфрақұрылымын жаңғырту. Қазақстан халықаралық көлік дәліздерінің өткізу қабілетін арттырып, теміржол және автомобиль жолдарын жаңартып, мультимодальды тасымалды дамытуда. Трансшекаралық жүк тасымалын жеделдету үшін көлік жүйелерінің үйлесімділігін қамтамасыз ету, шекарадағы рәсімдерді цифрландыру және жүктерді өткізу уақытын қысқарту қажет.

Вице-премьердің айтуынша, инвестиция тартумен қатар, оларды жаңа өндірістер ашуға, заманауи технологияларды енгізуге, еңбек өнімділігін арттыруға және қосылған құны жоғары өнім шығаруға бағыттау маңызды.

Қазақстан көлік және логистика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, энергетика және цифрлық инфрақұрылым салаларында халықаралық қаржы институттарымен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі. Өңірлік күн тәртібінде сауда мен логистиканы цифрландыру, климаттың өзгеруі және су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселелері де бар.

Екінші Тянь-Шань форумы 2–3 қарашада Алматыда «Орталық Азиядағы орнықты өзара байланыс пен сапалы инвестицияларды нығайту»ю. тақырыбымен өтуде. Іс-шараны ОАӨЭЫ Институты мен Қазақстанның Ұлттық экономика министрлігі Азия даму банкінің стратегиялық серіктестігімен ұйымдастырды.

Форумға ОАӨЭЫ елдерінің үкіметтері, халықаралық қаржы институттары, даму ұйымдары, бизнес және сарапшылар қауымдастығының өкілдерін қоса алғанда, 400-ге жуық адам қатысуда.

Ұқсас материалдар