Қазақстанның Ұлттық банкі Ұлттық қордан 910 млн доллар сатып алды. Бұл қаражат Үкіметтің өтінімдеріне сәйкес мемлекеттік шығындарды қаржыландыруды қамтамасыз етуге бағытталған. Сатып алынған валюта Ұлттық қор операцияларын айнадай қайталау тетігі аясында ішкі валюта нарығында сатылады.
Қазанда теңге бағамы 3%-ға әлсіреп, бір доллар үшін 453,77 теңгені құрады. Қазақстан қор биржасындағы (KASE) орташа күндік сауда көлемі 474 млн доллардан 397 млн долларға дейін төмендеді. Ал айдағы сауда-саттықтың жалпы көлемі 8,4 млрд долларға жетті.
Алтын сатып алу операцияларын айнадай қайталау аясында қазанда шамамен 302 млрд теңге өтімділік айналымнан шығарылды. Қарашада Ұлттық банк осы мақсатта 302 млрд теңгеге баламалы валютаны сатуды жоспарлап отыр.
Реттеушінің мәліметінше, Ұлттық қор операциялары нәтижесінде алынған қаражатты сату нарық конъюнктурасына қарай жүзеге асырылады. Ұлттық банктің пайымдауынша, мұндай тәсіл айырбас бағамының іргелі факторларға сай қалыптасуына ықпал етіп, теңгенің күрт алыпсатарлық ауытқуларына жол бермеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар қазанда Ұлттық банк Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) үшін 568 млн долларға валюта сатып алды. Бұл нарықтағы жалпы сауда көлемінің шамамен 7%-ын құрайды.
Ұлттық банк икемді айырбас бағамы режимін ұстануды жалғастырады. Реттеушінің бағалауынша, бұл тетік теңгерімсіздіктердің жиналуына жол бермей, алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз етеді.





