«Халықтық құрылыс»: Қазақстанда ауқымды құрылыстың экономикалық әсері талқыланды
Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау бастамасына байланысты «Халықтық құрылыс» бағдарламасын іске асырудың экономикалық тетіктері талқыланды. Сараптамалық кездесуді ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ), «Қазақстан Тұрғын үй компаниясы» және QazIndustry бірлесіп ұйымдастырды.
Іс-шара аясында «Қазақстандағы кең көлемді халықтық құрылыс: ауқымы мен даму көкжиегі» атты бірлескен талдамалық баяндама таныстырылды. Онда құрылыс нарығының қазіргі жағдайы, ірі инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалардың перспективалары, өңірлердегі құрылыс белсенділігі, сондай-ақ құрылыс материалдары мен жабдықтарына сұранысты отандық өнеркәсіптің қамтамасыз ету мүмкіндіктері қарастырылды.
ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов ауқымды құрылыс инфрақұрылымды дамыту құралы ғана емес, жеке капитал тартуға және кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға мүмкіндік беретін бастама екенін атап өтті.
«Мемлекеттік инвестициялар инфрақұрылым нысандарын қаржыландыру көзі ғана емес, сонымен қатар жеке капитал тартуға, кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға және сабақтас салаларды дамытуға серпін беруге тиіс», – деді ол.
«Қазақстан Тұрғын үй компаниясы» басқарма төрағасы Алтай Күздібаев тұрғын үй құрылысының өсуі инженерлік желілерді, көлік және әлеуметтік инфрақұрылымды қатар дамытуды талап ететінін айтты.
«Жобаларды жүйелі іске асыру үшін ұзақ мерзімді қаржыландырудың қолжетімділігі мен жеке инвестициялар тарту тетіктері маңызды рөл атқарады», – деп атап өтті ол.
Ал QazIndustry басқарма төрағасы Эльдар Гумаров жаңа құрылыс кезеңі отандық өндіріс пен экономиканың сабақтас салаларын дамытуға тың серпін бере алатынын жеткізді.
«Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы – бұл инфрақұрылым нысандарын салу науқаны ғана емес, нақты іске асырылып жатқан қуатты өнеркәсіптік саясат», – деді ол. Сонымен қатар ел ішінде қосылған құны жоғары өнімдердің үлесін арттыру қажеттігіне назар аударды.
«Отбасы банк» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру және оны қаржыландыру тетіктерін жетілдіру мәселелерін көтерді. Атап айтқанда, тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесін дамыту, азаматтардың баспана сатып алу мүмкіндіктерін кеңейту және құрылыс көлемін халықтың төлем қабілетті сұранысымен сәйкестендіру мәселелері талқыланды.
Кездесу барысында сарапшылар инфрақұрылымдық инвестициялардың тиімділігін арттыру, шағын және орта бизнесті ірі жобаларға тарту, өндірістік кооперацияны нығайту және қазақстандық кәсіпорындардың құрылыс саласындағы жобаларға қатысу аясын кеңейту жолдарын да қарастырды.
Талқылау қорытындысы бойынша қатысушылар мемлекеттік органдар, даму институттары, бизнес және сарапшылар қауымдастығы арасындағы өзара іс-қимылдың алдағы бағыттарын айқындады.





