Ақтауда ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Маңғыстау облысындағы бес тарихи-мәдени ескерткішті сақтау мәселесіне арналған өңірлік жұмыс кездесуі өтті. Олар — Шақпақ ата, Қараман ата, Шопан ата, Сұлтан епе және Бекет ата нысандары.
Жиынға Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі, «Қазқайтажаңарту» РМК, жергілікті атқарушы органдар мен туристік ұйымдардың өкілдері қатысты.
Кездесу барысында ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра комитетінің 48 COM 8B.20 шешімін іске асыру барысы және 2026 жылғы 29 шілдеде ҚР Вице-президенті Ерлан Қариннің төрағалығымен өткен кеңесте берілген тапсырмалардың орындалуы талқыланды.
Қатысушылар тарихи ескерткіштер аумағын реттеу, олардың қазіргі жағдайы туралы ақпаратты жинақтау, бірыңғай электрондық деректер базасын қалыптастыру және алдағы бес жылға арналған жұмыс жоспарын әзірлеу мәселелеріне назар аударды. Сонымен қатар нысандардың жай-күйін тұрақты бақылау жүйесін енгізу жолдары қарастырылды.
«Қазқайтажаңарту» РМК бас директоры Олжас Шариязданов тарихи мұраны сақтау шараларын жүйелі түрде жүзеге асырудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, ескерткіштердің бастапқы қалпын сақтап, бүлінуіне жол бермеу, келушілер ағынын реттеу және тарихи-мәдени мұраны кеңінен таныту қажет.
Кездесуде 2026 жылғы 11–17 қазан аралығында өтетін «Үстірт: ландшафттар мен аң аулауға арналған арандар» номинациясын бағалау сапарына дайындық мәселесі де қаралды. Бағалау жұмыстарын Ескерткіштер мен көрікті орындарды қорғау жөніндегі халықаралық кеңестің (ИКОМОС) және Халықаралық табиғатты қорғау одағының (ХТҚО) сарапшылары бірлесіп жүргізеді.
Айта кетейік, «Үстірт» номинациясы Мемлекет басшысының 2024 жылы өткен Ұлттық құрылтайдың III отырысында берген тапсырмасына сәйкес ұсынылған.





