Қазақстан мен Қытай жол саласындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты кеңейтуді көздеп отыр. Тараптар заманауи технологияларды енгізу, автомобиль жолдарының сапасын арттыру және бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.
Келіссөзді Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары — көлік министрі Әсел Жанасова Қытай Халық Республикасы Көлік министрлігіне қарасты Автомобиль жолдары ғылыми-зерттеу институтының (RIOH) делегациясымен өткізді.
Кездесуге Қытай тарапынан жол құрылысы, көпір құрылыстары, сынақ жүргізу, инспекция, сертификаттау, іргелі зерттеулер және зияткерлік көлік жүйелері саласындағы мамандар қатысты. Қазақстан атынан Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті мен «ҚазжолҒЗИ» АҚ өкілдері қатысты.
Қытай делегациясы институттың ғылыми-техникалық әлеуеті мен елдегі көлік инфрақұрылымын дамыту тәжірибесін таныстырды. Негізгі тақырыптардың бірі цементбетон және асфальтбетон жабындарын қолдану болды. Қатысушылар жол конструкцияларының бүкіл қызмет ету мерзіміндегі шығындарын бағалау әдістерін және оңтайлы техникалық шешімдерді таңдау өлшемдерін қарастырды.
Сондай-ақ жол инфрақұрылымының климаттық факторларға, соның ішінде нөсер жауын-шашын мен температураның күрт ауытқуына төзімділігі талқыланды. Халықаралық автомобиль тасымалдарының қауіпсіздігі мен модульдік көлікті пайдалану мәселелеріне де назар аударылды.
Қытай мамандары көпір құрылыстарын басқару, олардың техникалық жағдайын цифрлық жүйелер арқылы бақылау, диагностика жүргізу және жөндеу жұмыстарын жоспарлау тәжірибесімен бөлісті. Бұдан бөлек, тараптар Қытайдың жол құрылысының сапасын бақылау және өңірлерді автомобиль жолдарын салу мен күтіп ұстау деңгейі бойынша бағалау тәсілдерін талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша Әсел Жанасова «ҚазжолҒЗИ» АҚ-на RIOH институтымен бірлесіп, Цифрлық жолдарды дамыту тұжырымдамасының жобасын әзірлеуді тапсырды. Құжатта салынған жолдардың сақталуын қамтамасыз етуге және жүк тасымалдаушылардың рұқсат етілген салмақ нормаларын сақтауын бақылауға ерекше мән беріледі. Бұл талаптар жол жабынының мерзімінен бұрын бұзылуын болдырмауға бағытталған.
Сонымен қатар тараптар Астанада «ҚазжолҒЗИ» мен RIOH бірлескен ғылыми орталығын құру мүмкіндігін пысықтауға келісті.





