Бізге жазылыңыз:

Электромобильдерге арналған қуаттау станцияларының көрсеткіштері тексеріледі

Электромобильдерге арналған қуаттау станцияларының көрсеткіштері тексеріледі

2026 жылғы 1 желтоқсаннан бастап Қазақстанда электромобильдерді қуаттау станцияларындағы өлшеу дәлдігіне қойылатын жаңа талаптар күшіне енеді. Бұл өзгерістер тұтынылған электр энергиясын дұрыс есепке алуды және жүргізушілердің нақты алған энергия көлемі үшін төлем жасауын қамтамасыз етуге бағытталған.

Ресми мәліметтерге сәйкес, 1 қарашадағы жағдай бойынша елде 40 мыңнан астам электромобиль тіркелген. Олардың саны артқан сайын қуаттау инфрақұрылымы да кеңейіп келеді. Сондықтан электр энергиясын өлшеу дәлдігі тұтынушылармен есеп айырысудың ашықтығын қамтамасыз ететін маңызды талаптардың біріне айналып отыр.

Осы саланы реттеу үшін «ҚазСтандарт» екі ұлттық стандарт әзірледі. Атап айтқанда, СТ РК 2.761-2026 айнымалы токпен жұмыс істейтін қуаттау станцияларына, ал СТ РК 2.762-2026 тұрақты ток станцияларына арналған. Екі құжат та 2026 жылғы 1 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді.

Жабдықтарды салыстырып тексеру станцияны бөлшектемей, оның орнатылған жерінде жүргізіледі. Мамандар арнайы эталондық жабдықтың көмегімен станцияның берілген электр энергиясын қаншалықты дәл есептейтінін және көрсеткіштерінің белгіленген талаптарға сәйкестігін анықтайды.

Жаңа талаптар қуаттау станциялары операторларымен және мүдделі ұйымдардың өкілдерімен талқыланды. Сонымен қатар 2026 жылғы 1 желтоқсанға дейін орнатылған станциялар үшін «ҚазСтандарт» жабдықтың техникалық ерекшеліктерін ескере отырып, қолданыстағы салыстырып тексеру әдістемелерін пайдалану мүмкіндігін бағалап жатыр.

Бірыңғай талаптарды енгізу электромобильдерді қуаттау үшін төленетін ақыны есептеуді ашық етуге, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және жүргізушілердің қуаттау инфрақұрылымына деген сенімін арттыруға мүмкіндік береді.

Ұқсас материалдар