2026 жылдың үшінші тоқсанында Қазақстан кәсіпорындарының өндірістік қуаттарын пайдалану деңгейі екінші тоқсанмен салыстырғанда төмендеді. Кәсіпорындардың айналым қаражатын қаржыландыруда меншікті қаражат басымдыққа ие, ал бизнес өкілдері үшін негізгі мәселелердің бірі – салық жүктемесі.
Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, есепті кезеңде өндірістік қуаттарды пайдаланудың орташа өлшенген деңгейі 50,9%-ды құрады. Дайын өнім өндіру, жұмыстар мен қызметтер көлемінің көрсеткіші 49,4 болды.
Кәсіпорындар айналым қаражатын қалай қаржыландырады?
Кәсіпорындардың басым бөлігі айналым қаражатын меншікті қаражат есебінен толықтырады. Сауалнамаға қатысқандардың 86,9%-ы осы қаржыландыру көзін пайдаланатынын айтқан. Оның ішінде 48,2%-ы кәсіпорынның пайдасын, ал 38,7%-ы акционерлер мен қатысушылардың қаражатын қолданады.
Несие қаражатын пайдаланатын кәсіпорындардың үлесі 19,3% болды. Олардың 9%-ы қолданыстағы кредиттік желілер бойынша қаражат тартса, 10,3%-ы банктер мен микроқаржы ұйымдарынан қарыз алған.
Айналым қаражатын толықтырудың басқа көздері ретінде тапсырыс берушілердің аванстары, қаржылай көмек, компаниялар тобы ішіндегі қарыздар және субсидиялар аталды.
Бизнеске қандай факторлар кедергі келтіреді?
Кәсіпорындар қызметіне әсер ететін негізгі мәселелердің көшін салық жүктемесі бастап тұр. Сауалнамаға қатысушылардың 37,2%-ы оны бизнестің дамуына кедергі келтіретін басты фактор деп атаған.
Екінші орында бәсекелестік – 33%. Клиенттерді іздеу қиындығын кәсіпорындардың 28,4%-ы, білікті мамандар тапшылығын 26,9%-ы көрсеткен.
Сондай-ақ респонденттер лицензиялар мен рұқсаттарды алу кезіндегі қиындықтарды (20,8%), дебиторлық берешекті өндіріп алуды (17,1%) және қаржыландыруға қолжетімділікті (15%) атап өтті.
Инфрақұрылымның жеткіліксіздігін кәсіпорындардың 14,2%-ы, ал өндірістің төмен рентабельділігін 13%-ы негізгі кедергілер қатарына қосқан.
Осылайша, сауалнама нәтижелері Қазақстан кәсіпорындары үшін салық жүктемесі мен бәсекелестіктен бөлек, кадр тапшылығы, өткізу нарығын табу және қаржыға қол жеткізу мәселелерінің де өзекті екенін көрсетеді.



