Сарапшылар шілдеде Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемені сақтап қалуын күтуде
Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының (ҚҚҚ) Талдау орталығы қаржы нарығының кәсіби қатысушылары арасында жүргізілген шілде айындағы сауалнама нәтижелерін жариялады. Зерттеуге сәйкес, респонденттердің 53%-ы Ұлттық Банк 24 шілдеде өтетін отырыста базалық мөлшерлемені 17% деңгейінде сақтайды деп күтеді. Ал 47%-ы мөлшерлеменің 16,75%-ға дейін төмендеуіне мүмкіндік бар деп санайды.
Сарапшылардың пікірінше, «инфляцияның баяулауы, нақты пайыздық мөлшерлемелердің жоғары болуы және ішкі сұраныстың салқындауы Ұлттық Банкке мөлшерлемені біртіндеп төмендету циклін жалғастыруға мүмкіндік береді». Осыған байланысты бір жылдан кейінгі базалық мөлшерлеме бойынша болжам 15,75%-дан 14,75%-ға дейін төмендетілді.
Сауалнамаға қатысушылар қысқа мерзімде теңгенің нығаюын да күтеді. Тамыз айының басында доллар бағамы 483,3 теңге болуы мүмкін, ал бір жылдан кейін 520,4 теңгеге дейін әлсірейді деген болжам бар.
Сонымен қатар сарапшылар Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы бір барреліне 80 АҚШ доллары деңгейінде сақталады деп күтеді. Қазақстан экономикасының өсімі бойынша болжам да 4,5%-дан 4,6%-ға дейін жақсартылды.