Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова Президенттің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі Нұрлан Байбазаровтың төрағалығымен өткен кеңесте мәлімдеді.
АРРФР басшысының айтуынша, бизнеске берілетін кредит көлемін ұлғайту үшін пруденциялық және қаржылық шаралар кешені қарастырылып жатыр. Атап айтқанда, банктердің капиталына түсетін жүктемені төмендету және кәсіпорындардың қолда бар активтерін кепілге қойып несие алу мүмкіндігін кеңейту жоспарланған.
Бұдан бөлек, реттеуші өтімділікті өтеу коэффициенті мен таза тұрақты қорландыру коэффициентіне қатысты ең төменгі нормативтердің қолданылу мерзімін ұзартуды көздеп отыр. Тағы бір бағыт — бірнеше банктің ірі жобаларды бірлесіп қаржыландыруына мүмкіндік беретін синдикатталған қаржыландыру тетігін кеңейту.
«Халықтық құрылыс» бағдарламасына да ерекше назар аударылады. Банктерді инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға және құрылыс материалдарын, жабдықтар мен басқа да қажетті өнімдерді шығаратын отандық кәсіпорындарға ұзақ мерзімді несие беруге белсендірек тарту жоспарланып отыр.
Бизнеске кредит беруді кеңейту нақты сектор үшін маңызды. Өйткені кәсіпорындарды қарыз қаражатымен қамтамасыз етудің негізгі көзі әлі де екінші деңгейлі банктер болып отыр.
Бұған дейін жарияланған деректерге сәйкес, 2026 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша кеңейтілген анықтамадағы бизнес кредиттерінің жалпы көлемі 25,3 трлн теңгені құраған. Оның 16,4 трлн теңгесі немесе шамамен 65%-ы екінші деңгейлі банктердің үлесіне тиесілі. Тағы 13%-ын Қазақстанның Даму Банкі, ал шамамен 22%-ын «Бәйтерек» холдингінің басқа еншілес ұйымдары мен микроқаржы ұйымдары қамтамасыз еткен.
Сонымен қатар жаңа кредит беру құрылымында ірі кәсіпорындардың үлесі артып келеді. Атап айтқанда, кәсіпкерлерге берілген жаңа қарыздардағы шағын бизнестің үлесі 38,4%-ға дейін төмендеген.
Ұсынылып отырған шаралар банктердің кәсіпорындарды қаржыландыру мүмкіндігін кеңейтіп, бизнес үшін қарыз қаражатының қолжетімділігін арттыруға бағытталған.





