Қазақстан мен Бельгия жоғары деңгейдегі келісімдерді жүзеге асыруға кірісті
Қазақстан мен Бельгия жоғары деңгейдегі өзара сапарлар барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзінде жүзеге асыруға кірісті. Бұл мәселе 17 қарашада Брюссельде Қазақстан Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен Бельгия Премьер-министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі Максим Прево арасындағы келіссөздердің негізгі тақырыптарының бірі болды.
Тараптар екіжақты қатынастарды дамыту перспективаларын, саяси диалогты нығайтуды, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуді, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша өзара іс-қимылды талқылады.
Кездесуде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы маусымда Бельгияға жасаған ресми сапарының және Бельгия Королі Филипптің қазан айында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарының қорытындыларына ерекше назар аударылды. Бұл сапарлар екіжақты байланыстарды дамытудағы маңызды кезеңдерге айналды.
Сапарлар қорытындысы бойынша мемлекет басшыларының Бірлескен мәлімдемесі қабылданып, 40 екіжақты құжатқа қол қойылды. Олардың қатарында 16 коммерциялық келісім, ғылым және білім беру саласындағы 22 құжат, денсаулық сақтау саласындағы меморандум, сондай-ақ 2027–2029 жылдарға арналған ведомствоаралық ынтымақтастықтың жол картасы бар.
Максим Прево өткен жоғары деңгейдегі кездесулерге оң баға беріп, Қазақстанның стратегиялық маңызы мен Еуропа үшін маңызды өңірдегі географиялық орналасуын атап өтті.
Экономикалық ынтымақтастықтың басым бағыттары
Сыртқы істер министрлері қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты жобалар арқылы жүзеге асыру қажеттігін айтты. Басым бағыттар қатарында өнеркәсіптік кооперация, маңызды минералдық ресурстар, көлік және логистика, энергетика, цифрландыру, жасанды интеллект және ғылыми-технологиялық ынтымақтастық бар.
Сауда және инвестиция саласындағы байланыстарда да оң серпін байқалады. 2005 жылдан бері Бельгияның Қазақстанға салған инвестицияларының жиынтық көлемі $15 млрд-тан асты. Тек 2025 жылы Бельгиядан тікелей инвестициялардың жалпы ағыны $1 млрд-тан жоғары болды.
Бельгиялық компаниялар Қазақстан нарығындағы қызметін кеңейтуге және Транскаспий халықаралық көлік бағытын, яғни Орта дәлізді дамытуға қатысуға мүдделі екенін растады.
Мұхтар Тілеуберді Қазақстанның әлемдік мұхитқа тікелей шығатын жолы болмаса да, географиялық орналасуын көлік-логистикалық байланыстарды дамыту мүмкіндігіне айналдыруға ұмтылып отырғанын атап өтті.
Сапарлар және мемлекетаралық байланыстар
Келіссөздер барысында парламенттер арасындағы ынтымақтастықты кеңейту және Бельгия Сыртқы істер министрінің Қазақстанға сапарын ұйымдастыру мәселелері де қаралды. Максим Прево Орталық Азия елдеріне жоспарланған сапары аясында 2027 жылы Қазақстанға келуге ниетті екенін растады.
Тараптар 2026 жылғы 1 қарашадан бастап Қазақстан мен Бенилюкс елдерінің қызметтік паспорт иелері үшін визасыз режимнің күшіне енгенін де атап өтті. Сонымен қатар әмбебап халықаралық ұйымдар аясында екі елдің бастамалары мен кандидатураларына өзара қолдау көрсету мәселелерін талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар қол жеткізілген уағдаластықтарды дәйекті түрде жүзеге асыруға және көпжақты әріптестікті одан әрі нығайтуға мүдделі екенін растады.
Қазақстанда бельгиялық капиталдың қатысуымен 110-нан астам компания тіркелген. 2027 жылы екі ел дипломатиялық қатынастар орнатылғанына 35 жыл толуын атап өтеді.





