Бізге жазылыңыз:

Freedom Holding таза пайдасын $77,7 млн-ға дейін арттырды

Freedom Holding таза пайдасын $77,7 млн-ға дейін арттырды

Freedom Holding Corp. компаниясының 2026 жылғы сәуір–қыркүйек аралығындағы таза пайдасы $77,7 млн болды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,4%-ға жоғары. Холдингтің жиынтық түсімі 55%-ға өсіп, $1,6 млрд-қа жетті.

Компанияның мәліметінше, 2026 жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша ақша қаражаты, оның баламалары, шектеулі қаражат пен инвестициялық бағалы қағаздардың көлемі $8,4 млрд болды. Жиынтық активтер $16,6 млрд-қа, ал акционерлік капитал $2 млрд-қа жетті.

Ең жоғары өсім көрсеткен бағыттардың бірі сақтандыру бизнесі болды. Таза сақтандыру түсімі 2,5 есе артып, $254,8 млн құрады. Компания мұны сақтандыру шарттары бойынша клиенттік төлемдердің ұлғаюымен және жаңа келісімдер есебінен зейнетақы аннуитеттері портфелінің кеңеюімен байланыстырады.

Холдингтің пайыздық кірісі 53%-ға өсіп, $323,9 млн болды. Бұған маржиналдық кредиттеу мен клиенттерге берілген қарыздардан, кері РЕПО операцияларынан, банктерде орналастырылған қаражаттан, сондай-ақ бағалы қағаздармен жасалған операциялардан түскен кірістер әсер етті.

Тауарлар мен қызметтерді сатудан түскен түсім 2,5 есе өсіп, $50,8 млн-ға жетті. Бұл өсімге телекоммуникация сегментінің дамуы және «Freedom Продукты» бағыты бойынша тапсырыстардың көбеюі ықпал етті.

Саудаға арналған бағалы қағаздармен операциялардан түскен пайда 79%-ға артып, $66,4 млн болды. Компания бұл нәтижені Қазақстанның мемлекеттік облигацияларын сатудан түскен пайдамен түсіндірді.

Валюталық операциялар да оң нәтиже көрсетті: осы бағыттағы пайда өткен жылғы $10 мыңмен салыстырғанда $26,7 млн-ға жетті. Бұған есепті тоқсанда теңгенің 8%-ға нығаюы аясында Freedom Bank активтерін қайта бағалаудан түскен оң бағамдық айырма негізгі фактор болды.

Шығындар мен клиенттер саны

Сонымен қатар холдингтің шығындары 92,7%-ға өсіп, шамамен $859,9 млн болды. Компания мұны сақтандыру төлемдерінің, пайыздық шығындардың, еңбекақы төлеу шығыстарының, сатылған өнімнің өзіндік құнының, сондай-ақ жалпы және әкімшілік шығындардың артуымен байланыстырады. Комиссиялық шығындардың азаюы өсімді ішінара өтеді.

2026 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша Freedom Holding Corp. құрамындағы компаниялардың клиенттік базасы 9,3 млн пайдаланушыға жетіп, бір жылда 6,9%-ға өсті. Оның ішінде брокерлік шоттар бойынша 907 мың, сақтандыру сегментінде 878 мың, қаржылық емес компаниялардың қызметтерін пайдаланушылар арасында 1,553 млн клиент тіркелген. Freedom SuperApp банктік мобильді қосымшасын пайдаланушылар саны 6,4 млн болды.

Серіктес компаниялардың клиенттерін қоса есептегенде, 30 қыркүйекте Freedom экожүйесін пайдаланушылардың жалпы саны 14,3 млн адамға жетті.

Бизнесті дамытумен қатар холдинг Қазақстандағы әлеуметтік және тұрақты даму жобаларын «Freedom Шапағат» корпоративтік қоры арқылы қолдауды жалғастырып келеді. 2026 жылдың тоғыз айында осы бағыттарға $44 млн-нан астам қаражат бөлінді.

Дереккөз: THE TENGE

Ұқсас материалдар