Қазақстан қалаларындағы салық түсімдерінің 86%-ын 17 облыс орталығы қамтамасыз етеді
2026 жылғы қаңтар–тамыз айларында облыстық маңызы бар 38 қаланың бюджетіне 1,49 трлн теңге салық түсімі түсті. Оның 86,2%-ы немесе 1,28 трлн теңгесі 17 облыс орталығына тиесілі. Бұл жергілікті бюджет кірістерінің ірі қалаларда жоғары деңгейде шоғырланғанын көрсетеді.
Салық түсімдерінің көлемі бойынша Атырау (273,3 млрд теңге) мен Павлодар (204,4 млрд теңге) көш бастады. Одан кейін Қарағанды (130 млрд теңге), Ақтөбе (99,9 млрд теңге) және Ақтау (75,6 млрд теңге) орналасқан. Осы бес қалаға жиынтық түсімнің 783,2 млрд теңгесі немесе 52,6%-ы тиесілі.
Салық кірістерінің құрылымы
Облыс орталықтарында салық түсімдерінің негізгі көздері — жеке табыс салығы (ЖТС), оның үлесі 44,8%-ды құрайды. Шағын және орта бизнес субъектілерінен түсетін корпоративтік табыс салығының (КТС) үлесі — 18%, ал тауарларға, жұмыстар мен қызметтерге салынатын салықтардың үлесі 25,3%-ға тең.
Соңғы санаттың үлесі Павлодарда (66,4%) және Атырауда (46,1%) айтарлықтай жоғары. Бұл түсімдердің едәуір бөлігін Қазақстанда өндіріліп, сатылатын бензинге, дизель отынына және басқа да мұнай өнімдеріне салынатын акциздер құрайды. Бұған аталған қалаларда ірі мұнай өңдеу зауыттарының орналасуы әсер етеді.
Тауарларға, жұмыстар мен қызметтерге салынатын салықтарды есепке алмағанда, Павлодар салық түсімдерінің көлемі бойынша екінші орыннан алтыншы орынға түседі. Ал Қарағанды Атыраудан кейінгі екінші орынға көтеріледі.
Бюджет жоспарларының орындалуы
2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша облыс орталықтары салық түсімдері бойынша нақтыланған жылдық жоспарды 52,9%-ға орындады. Қалған 21 қалада бұл көрсеткіш 59,1%-ды құрады.
Жоспардың орындалуынан ең көп артта қалу Атырау мен Павлодарда байқалады. Атырауда жылдық жоспар 45,2%-ға, Павлодарда 48,3%-ға орындалған. Ал есепті кезеңге арналған жоспардың орындалу деңгейі тиісінше 69,1% және 66,5% болды. Бұл — 38 қаланың ішіндегі ең төмен көрсеткіштер.
Моноқалалар мен шағын қалалардың салық түсімдері
Облыс орталықтарына жатпайтын 21 қаланың ішінде 13 моноқала, жеті шағын қала және 2026 жылы моноқалалар тізімінен шығарылған Екібастұз бар.
Сегіз айдағы салық түсімдері мынадай болды:
-
13 моноқала — 140,7 млрд теңге;
-
жеті шағын қала — 27,2 млрд теңге;
-
Екібастұз — 37,5 млрд теңге.
Осы 21 қаланың салық түсімдерінің 68,5%-ы моноқалаларға тиесілі. Олардың кіріс құрылымында жеке табыс салығы басым — 55,1%. Ал ШОБ субъектілерінен түсетін корпоративтік табыс салығының үлесі 10,9%-ды құрайды.
Осылайша, моноқалалардың өнеркәсіптік мамандануына қарамастан, бюджет кірістерінің жартысынан астамы жеке тұлғалардың табысына салынатын салық есебінен қалыптасады. Мұның бір себебі — салықтарды бөлудің қолданыстағы жүйесі: ірі кәсіпорындардың корпоративтік табыс салығы республикалық бюджетке түссе, ШОБ субъектілерінен алынатын салық жергілікті бюджеттерге аударылады.
Бюджет жоспарларын қай қалалар жақсы орындайды?
Нақтыланған жылдық жоспардың орындалу деңгейі шағын қалаларда ең жоғары — 71,3%. Моноқалаларда бұл көрсеткіш 57,4%, ал Екібастұзда 58,4% болды.
Жекелеген қалалар арасында Қосшы 77,2% көрсеткішімен көш бастады. Одан кейін Арқалық (75%), Приозерск (74,2%), Алатау (73,7%) және Кентау (73%) қалалары орналасқан.
Жалпы, қалалардың салық кірістері экономиканың ауқымына ғана емес, оның салалық құрылымы мен салықтарды бөлудің қолданыстағы тәртібіне де байланысты. Атырау мен Павлодардағыдай жекелеген салық түрлерінің жоғары шоғырлануы жергілікті бюджеттердің ірі өндірушілерге тәуелділігін арттырады. Сонымен қатар моноқалалардың өнеркәсіптік әлеуеті олардың бюджет кірістерінде толық көрініс таппай отыр.
Урбандалу үдерісі жалғасып жатқан жағдайда қалалардың қаржылық дербестігін арттыру ерекше маңызға ие. Бюджетті одан әрі орталықсыздандыру қалалардың кіріс мүмкіндіктерін өсіп келе жатқан міндеттемелерімен сәйкестендіруге, сондай-ақ кәсіпкерлікті дамытуға, инвестиция тартуға және жергілікті салық базасын кеңейтуге ынталандыруы тиіс.





