Бізге жазылыңыз:

Қазақстанда жолаушылар тасымалы 2,9%-ға өсті

Қазақстанда жолаушылар тасымалы 2,9%-ға өсті
2026 жылғы қаңтар–қазан айларында Қазақстанда барлық көлік түрімен 1,64 млрд жолаушы тасымалданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,9%-ға жоғары. Ал жолаушылар айналымы 8,1%-ға өсіп, 80,3 млрд жолаушы-километрге жетті.

Есепті кезеңде жолаушылар тасымалынан түскен жалпы кіріс 1,4 трлн теңгені құрады.

Тасымалдың негізгі үлесі автомобиль және қалалық электр көлігіне тиесілі. Он айда бұл көлік түрлерін 1,61 млрд адам пайдаланған. Көрсеткіш бір жылда 2,9%-ға артты. Жолаушылар айналымы 9,5%-ға өсіп, 38,8 млрд жолаушы-километр болды.

Әуе көлігімен 13,8 млн жолаушы тасымалданды. Бұл 2025 жылдың қаңтар–қазан айларындағы деңгейден 5,3%-ға көп. Әуе тасымалының жолаушылар айналымы 10,7%-ға ұлғайып, 28,2 млрд жолаушы-километрді құрады. Ал осы бағыттағы кіріс 852,1 млрд теңгеге жетті.

Теміржол көлігімен 15,7 млн жолаушы сапарға шықты. Бұл сегменттегі жолаушылар айналымы 13,3 млрд жолаушы-километр болды.

Ішкі су көлігімен 267,7 мың адам тасымалданды. Бір жылдағы өсім 5,8%-ды құрады. Жолаушылар айналымы 10,8%-ға артып, 5,2 млн жолаушы-километрге жетті.

Теңіз және жағалау көлігімен 46,8 мың жолаушы тасымалданған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 2,5 есе жоғары.

Жолаушылар ағыны Алматы мен Астанада жоғары

Жолаушылар саны бойынша Алматы көш бастап тұр. Қалада он айда 394,8 млн адам тасымалданған. Астанада бұл көрсеткіш 285,6 млн, ал Қарағанды облысында 122,2 млн адам болды.

Өткен жылмен салыстырғанда жолаушылар тасымалының ең жоғары өсімі Шымкентте тіркелді – 27,1%. Астанада көрсеткіш 10,3%-ға, Қарағанды облысында 9,2%-ға, Жетісу облысында 8,4%-ға артты.

Жолаушылар айналымы бойынша да Алматы алдыңғы орында. Қалада бұл көрсеткіш 24,7 млрд жолаушы-километрді құрады. Астанада 15,1 млрд, Шымкентте 6,4 млрд жолаушы-километр тіркелді.

Ұқсас материалдар