Бізге жазылыңыз:

Қазақстанда міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі қалай жұмыс істейді?

Қазақстанда міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі қалай жұмыс істейді?
Қазақстандағы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі азаматтарға белгілі бір әлеуметтік жағдайлар туындаған кезде қаржылық қолдау көрсетеді. Оның негізі — мемлекет, жұмыс беруші және қызметкер арасындағы ортақ жауапкершілік.

Қызметкерлер үшін

Әлеуметтік аударымдар қызметкердің жалақысынан ұсталмайды. Қолданыстағы 5% мөлшерлеме бойынша төлемді жұмыс беруші өз қаражаты есебінен аударады.

Ресми жұмыс істейтін азаматтар бес әлеуметтік тәуекел туындаған жағдайда төлем алуға құқылы:

  • жүктілік және босану;

  • бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтімі;

  • жұмысынан айырылу;

  • еңбекке қабілеттілігінен айырылу;

  • асыраушысынан айырылу.

Жұмыс берушілер үшін

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі Қазақстанда 2005 жылдан бері жұмыс істейді. 2026 жылға дейін әлеуметтік аударымдар әлеуметтік салық сомасын азайтуға мүмкіндік беретін. Осылайша, жүйені енгізу бизнеске түсетін жалпы жүктемені арттырған жоқ.

2026 жылдан бастап жаңа Салық кодексіне сәйкес төлемдер бөлінді:

  • әлеуметтік салық мөлшерлемесі — 6%;

  • әлеуметтік аударымдар — 5%.

Жалпы жүктеме еңбекақы қорының 11%-ынан аспайды. Сонымен қатар әлеуметтік аударымдарды есептеу базасы 7 ең төменгі жалақымен (ЕТЖ) шектелген. Ал әлеуметтік салық бүкіл еңбекақы қорына есептеледі.

Бұл әсіресе жалақысы жоғары қызметкерлері бар кәсіпорындар үшін маңызды: әлеуметтік аударымдар бүкіл жалақыдан емес, 7 ЕТЖ шегінде есептеледі.

Әлеуметтік төлемдерді кім ала алады?

Міндетті әлеуметтік сақтандыру атаулы әлеуметтік көмектен ерекшеленеді. Төлем алу құқығы отбасының табыс деңгейіне емес, адамның сақтандыру жүйесіне қатысуына және заңда көзделген әлеуметтік тәуекелдің туындауына байланысты.

Егер қызметкер үшін әлеуметтік аударымдар тұрақты түрде төленсе және заң талаптары орындалса, ол тиісті әлеуметтік төлемді алуға құқылы. Бұл ереже табысы жоғары азаматтарға да қолданылады.

Осылайша, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі азаматтарды қиын жағдайларда қаржылай қолдауға бағытталған. Оның негізгі қаржыландыру көзі — жұмыс берушілер аударатын әлеуметтік жарналар.

Ұқсас материалдар