Бізге жазылыңыз:

Alatau City Еуропадағы роуд-шоу қорытындысы бойынша $2 млрд инвестиция тартты

Alatau City Еуропадағы роуд-шоу қорытындысы бойынша $2 млрд инвестиция тартты

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған Қазақстан делегациясы Еуропадағы Alatau City инвестициялық роуд-шоуын аяқтады. Іскерлік бағдарлама Лондон, Берлин және Франкфурт-на-Майне қалаларын қамтыды.

Роуд-шоудың қорытынды кезеңі Франкфурт-на-Майне қаласында өтті. Онда қазақстандық делегация Alatau City жобасының инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырып, неміс бизнесінің инфрақұрылымдық, өнеркәсіптік және технологиялық жобаларды жүзеге асыруға қатысу мәселелерін талқылады.

Банктердің, инвестициялық құрылымдардың және халықаралық компаниялардың өкілдері қатысқан Alatau City Investment Round Table дөңгелек үстелінде инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру, ұзақ мерзімді капитал тарту және Германияның қаржы құралдарын пайдалану мәселелері қарастырылды.

Қанат Бозымбаев Alatau City дамуының стратегиялық басымдықтары мен Қазақстан-Германия инвестициялық ынтымақтастығының перспективаларын таныстырды. Alatau City Authority бас атқарушы директоры Әлішер Әбдіқадыров қатысушыларға қаланың тұжырымдамасын, негізгі даму бағыттарын және халықаралық инвесторларға ұсынылатын мүмкіндіктерді таныстырды.

Франкфурттегі келіссөздердің қорытындысы бойынша Alatau City жобаларын банктік қаржыландыруға қатысты келісімдер жасалды. Құжаттарға Alatau City Authority, Alatau City Bank және Германияның AKA Bank пен KfW (Германияның мемлекеттік даму банкі) қаржы институттары қол қойды. Ынтымақтастық инвестициялық жобаларды қаржыландыруды және неміс жабдықтарын сатып алуды көздейді.

Өнеркәсіптік және технологиялық ынтымақтастық мәселелері WILO, Zrinski Solutions, Myron AG, Nikolaus & Co. және Schneider Group компанияларымен талқыланды. Кездесулер барысында инженерлік және сервистік инфрақұрылым құру, медициналық бұйымдар өндірісін ұйымдастыру, активтерді токенизациялау тетіктерін енгізу және инвестициялық консалтингті дамыту перспективалары қарастырылды.

Берлин мен Франкфурт-на-Майне қалаларында өткен Германиядағы роуд-шоу аясында жалпы инвестициялық әлеуеті $715 млн болатын 18 келісімге қол қойылды.

Еуропалық роуд-шоудың жалпы қорытындысы бойынша Alatau City жобасы аясында жиынтық инвестициялық әлеуеті $2 млрд-тан асатын 27 коммерциялық құжаттан тұратын пакет қалыптастырылды.

Ынтымақтастық қаржы секторын, инженерлік инфрақұрылымды, білім беруді, машина жасауды, денсаулық сақтауды, туризмді және цифрлық экономиканы қамтиды.


Ұқсас материалдар