Қазақстан өңделген өнім экспортын ұлғайтып келеді. Дәстүрлі шикізат жеткізілімімен қатар, шетелге күнбағыс және рапс майы, ұн, мал азығы, тыңайтқыштар, темекі өнімдері мен өнеркәсіп тауарлары көбірек жөнелтілуде.
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2026 жылғы қаңтар–тамызда Қазақстан экспортының жалпы көлемі 60,4 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 50,5 млрд доллардан 19,5%-ға жоғары.
Ауыл шаруашылығы шикізатын, отын, кен мен металдарды есептемегенде, экспорт құрылымында жеткізілім көлемі 10 млн доллардан асатын дайын және өңделген өнімнің 109 түрі бар. Олардың жиынтық экспорты 18%-ға өсіп, 5,1 млрд доллардан 6,1 млрд долларға жетті.
Әсіресе 38 тауар позициясы бойынша айтарлықтай өсім байқалды. Бұл топтың экспорты 60,5%-ға артып, 2,1 млрд доллардан 3,3 млрд долларға дейін өсті. Оның үлесіне жалпы экспорттың 5,5%-ы және экспорт өсімінің 12,7%-ы тиесілі болды. Қалған 71 тауар позициясы бойынша өсім 30%-дан төмен болды немесе жеткізілім көлемі қысқарды.
Қандай тауарлардың экспорты қарқынды өсіп жатыр?
Құндық көлемі бойынша ең көп экспортталған өнімдердің қатарында күнбағыс майы, мал азығы және бидай ұны бар. Сегіз айда олардың экспорты тиісінше 672,8 млн долларды (+48,5%), 577,6 млн долларды (+60,8%) және 400 млн долларды (+36%) құрады.
Экспорттық түсімі 50 млн доллардан асатын тауарлардың ішінде ең жоғары өсім темекі өнімдерінде тіркелді. Олардың экспорты 401,5%-ға өсіп, 50,6 млн долларға жетті. Жіксіз болат құбырлар экспорты 262,4%-ға артып, 66,2 млн долларды, ал рапс майының экспорты 127,7%-ға өсіп, 90,4 млн долларды құрады.
38 қарқынды дамып келе жатқан тауар позициясының жетеуі бойынша экспорт көлемі 100 млн доллардан асты.
Бұдан бөлек, өткен жылы экспорты 5 млн долларға да жетпеген төрт тауар түрінің биылғы жеткізілімі 10 млн доллардан асты. Олар – көкөніс консервілері (29,1 млн доллар), теміржол локомотивтері (16,8 млн доллар), стирол полимерлері (12,4 млн доллар) және мақта-мата иірімжібі (11,3 млн доллар). Бұл өнімдердің жиынтық экспорты өткен жылғы 8,4 млн доллардан 69,5 млн долларға дейін өсті.
Қазақстан өнімдері қай елдерге жеткізіледі?
Экспорты қарқынды өскен 38 тауар позициясының негізгі нарықтары Қытай мен Орталық Азия елдері болды. Қытайға 913,9 млн доллардың өнімі жөнелтілді. Бұл қарастырылып отырған тауарлар экспортының 27,4%-ына тең. Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстанға жиынтығы 825,7 млн долларлық өнім жеткізілді (24,8%).
Ресейдің үлесі 13,5% немесе 449,4 млн доллар болды. ЕАЭО-ның басқа елдеріне – Беларусь, Армения және Қырғызстанға – 345,3 млн доллардың өнімі экспортталды (10,4%). Қалған мемлекеттердің үлесіне 800,5 млн доллар немесе 24% тиесілі.
Жекелеген тауар санаттары бойынша экспорттың басым бөлігі бір ғана нарыққа бағытталған. Мәселен, мал азығының 97,8%-ы Қытайға жөнелтілген. Бұл өнім Қытайдың қарастырылып отырған тауарлар тобындағы сатып алуының 61,8%-ын құрады.
Қазақстан шиналарының 92,5%-ы, жіксіз болат құбырлардың 75,5%-ы, балмұздақтың 69,9%-ы және косметиканың 68,9%-ы Ресейге жеткізілген. Күнбағыс майын негізінен Өзбекстан (43,3%), ал темекі мен сигараны Қырғызстан (49,4%) сатып алған.
Осылайша, өңделген өнім экспортының негізгі бөлігі көршілес мемлекеттердің нарығына бағытталған. Сонымен қатар кейбір тауар түрлері бойынша бір елдің үлесінің жоғары болуы экспорттың сол нарықтағы сұранысқа тәуелді екенін көрсетеді.
Қарастырылып отырған тауарлар экспортының шамамен жартысын (49,5%) күнбағыс майы, мал азығы және бидай ұны қамтамасыз етті. Ал 14 тауар позициясы бойынша жеткізілім көлемі екі еседен астам өсті.
Экспорт өсіміне баға емес, жеткізілім көлемі көбірек әсер еткен
Негізгі тауарлар экспортының ақшалай түсімінің артуына бағаның өсуінен гөрі өнімнің физикалық көлемінің ұлғаюы көбірек ықпал етті.
Мәселен, күнбағыс майының экспорты 35,9%-ға өсіп, 611,4 мың тоннаға жетті. Бұл ретте бір тоннасының орташа бағасы 9,2%-ға артып, 1 100 долларды құрады. Мал азығының жеткізілімі 44,2%-ға өсіп, 2 474,9 мың тоннаға жетсе, оның бағасы 11,5%-ға қымбаттады.
Бидай ұнының экспорты 22,8%-ға артып, 1 376,2 мың тоннаны құрады. Орташа бағасы 10,8%-ға өсті.
Рапс майының экспорты 109,2%-ға өсіп, 85,3 мың тоннаға жетті. Оның бағасы 8,9%-ға артты. Ал күнжара экспорты 39,3%-ға өсіп, 597,2 мың тоннаны құрады, бағасы 2,1%-ға көтерілді.
Жалпы, қарастырылған алты тауар позициясының бесеуінде жеткізілім көлемі баға өсімінен жоғары болды. Бұған минералды тыңайтқыштар ғана ерекшелік болды: олардың орташа бағасы 22%-ға, ал экспорттың физикалық көлемі 13,7%-ға өсіп, 422 мың тоннаға жетті.
Айта кетейік, бір тонна өнімнің орташа бағасы СЭҚ ТН тауарлық топтары бойынша есептеледі. Сондықтан оған әр санат ішіндегі жеткізілім құрылымы да әсер етеді.
Көптеген тауар бойынша импорт экспорттан жоғары
Экспорттың өсуіне қарамастан, Қазақстан осы тауарлардың едәуір көлемін шетелден сатып алуды жалғастырып келеді. 2026 жылғы қаңтар–тамызда қарастырылған 38 тауар позициясы бойынша импорт 5,8 млрд долларды құрады. Бұл 3,3 млрд доллар болған экспорт көлемінен 1,8 есе көп.
Ең үлкен айырмашылық тұтыну және өнеркәсіп тауарлары сегментінде байқалады.
Мәселен, косметика импорты 217,8 млн доллар болса, экспорты 83,3 млн долларды құрады. Яғни импорт 2,6 есе жоғары. Шоколад бойынша бұл көрсеткіштер тиісінше 318,3 млн және 105,8 млн доллар болды, айырмашылық – үш есе.
Кабель импорты 291,2 млн долларға жетіп, экспорттан (43,6 млн доллар) 6,7 есе асып түсті. Өнеркәсіптік машиналар мен жабдықтар бойынша айырмашылық одан да жоғары: импорт 432,1 млн доллар, экспорт 33,8 млн доллар болды. Яғни импорт көлемі 12,8 есе көп.
Сонымен қатар кейбір тауар санаттары бойынша Қазақстанның экспорты импорттан жоғары. Мысалы, балмұздақ экспорты 59,5 млн доллар болса, импорты 39,2 млн долларды құрады. Сигара мен темекі өнімдері бойынша бұл көрсеткіштер тиісінше 164,5 млн және 44,3 млн долларға тең.
Бұл деректерді талдағанда маңызды бір жайтты ескеру қажет: СЭҚ ТН жіктемесі отандық өндіріс өнімдері мен реэкспортты бөлек көрсетпейді. Сондықтан келтірілген статистика негізінде экспортталған тауарлардың нақты қанша бөлігі Қазақстанда өндірілгенін анықтау мүмкін емес.





