Бізге жазылыңыз:

Қазақстан COP31-де Аралды қалпына келтіру тәжірибесін ұсынды

Қазақстан COP31-де Аралды қалпына келтіру тәжірибесін ұсынды

Қазақстан Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіру тәжірибесін БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптарының 31-конференциясы (COP31) аясында таныстырды. Іс-шара Түркияның Анталья қаласында Су ресурстары және ирригация министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылды.

Су ресурстары және ирригация вице-министрі Арсен Жақанбаев су экожүйелерін қалпына келтіру және Солтүстік Аралды қайта жандандыру мәселелеріне арналған панельдік сессияда сөз сөйледі.

Ол Дүниежүзілік банктің қолдауымен жүзеге асырылған «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының бірінші кезеңінің нәтижелерін таныстырды.

Көкарал бөгетінің салынуы нәтижесінде Солтүстік Аралдың су айдыны 870 шаршы шақырымға ұлғайып, судың тұздылығы шамамен екі есе төмендеді.

Солтүстік Аралды қалпына келтірудің жаңа кезеңі

Сессия барысында «Солтүстік Арал теңізі және ирригация жүйелерін жаңғырту» кешенді жобасы да таныстырылды. Ол суару инфрақұрылымын жаңартуды және өңірдің су ресурстарын тиімді пайдалануды көздейді.

Жобаның бірінші кезеңін 2027–2030 жылдары жүзеге асыру жоспарланған. Қаржыландыру Дүниежүзілік банктің қарызы есебінен қамтамасыз етіледі.

Қазақстан халықаралық ынтымақтастықтың үш негізгі бағытын да ұсынды: тәжірибе алмасу, су экожүйелерін қалпына келтіруді тұрақты қаржыландыру және нақты нәтижелерге бағытталған бірлескен жобаларды іске асыру.

Вице-министр Арсен Жақанбаевтың айтуынша, Солтүстік Аралды қалпына келтіру — тек инженерлік шешімдермен шектелмейтін, экожүйені жаңғырту мен өңірдің тұрақтылығын арттыруға бағытталған кешенді жұмыс.

Оның сөзінше, Қазақстан жинақтаған тәжірибесімен бөлісуге және оны басқа өңірлерде қолдануға болатын тәсілдерді халықаралық серіктестермен бірге зерделеуге дайын.

Ұқсас материалдар