Бізге жазылыңыз:

Қазақстанда дәрі-дәрмекті өндірушіден тікелей сатып алу кеңейіп келеді

Қазақстанда дәрі-дәрмекті өндірушіден тікелей сатып алу кеңейіп келеді

Қазақстанда дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндірушілерден тікелей сатып алу үлесі артып келеді. 2026 жылғы сатып алу науқанының нәтижесінде бұл тәсілдердің жиынтық экономикалық тиімділігі 70 млрд теңгеге жетті.

Оның ішінде шамамен 25 млрд теңге отандық және шетелдік өндірушілермен тікелей келісімшарттар көлемін арттыру есебінен үнемделді. Соңғы үш жылда өндірушілерден тікелей сатып алу көлемі 187%-ға өскен.

Делдалдарды қысқарту, фармацевтикалық компаниялармен тікелей келіссөздер жүргізу, халықаралық сатып алу механизмдерін пайдалану және бәсекелестік рәсімдерді енгізу дәрі-дәрмектің бастапқы бағасын төмендетіп, бюджет қаражатын тиімдірек пайдалануға мүмкіндік беріп отыр.

Дәрі бағасын қалыптастыру тәсілі өзгеруде

Сатып алу механизмдерімен қатар дәрілік заттарға баға белгілеу жүйесі де жаңартылуда. Атап айтқанда, өндіруші бағасын тіркеуге бірыңғай тәсіл, халықаралық референттік баға белгілеу және негізсіз үстеме бағаларды шектеуге бағытталған басқа да құралдар енгізілді.

Жаңа тетіктердің нәтижесінде биылғы сатып алу науқаны кезінде бірқатар препараттардың құны бірнеше есеге төмендеді. Баға белгілеудің жаңа жүйесі жалпы алғанда шамамен 36,2 млрд теңге үнемдеуге мүмкіндік берді.

2025 жылдан бастап баға ұсыныстарын тікелей зауыт-өндірушілерден сұрату механизмі іске қосылды. Оның арқасында 400-ден астам атаудағы дәрілік заттарды өндірушілерден тікелей сатып алу мүмкін болды.

Келіссөздер нәтижесінде отандық өндірістің 66 атаудағы дәрілік препараттары бойынша 10 млрд теңгеден астам қаражат үнемделді.

Халықаралық ұйымдар арқылы сатып алу

Сатып алудың тағы бір бағыты — препараттарды БҰҰ жүйесіндегі халықаралық ұйымдар, атап айтқанда БҰҰДБ, ЮНИСЕФ және СТОП TБ арқылы алу.

Осы арналар бойынша сатып алу көлемін ұлғайту нәтижесінде шамамен 17 млрд теңге үнемделді.

Халықаралық сатып алу тетіктері тапсырыстарды шоғырландырып, ірі халықаралық жеткізушілермен тікелей жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бұл неғұрлым тиімді баға шарттарына қол жеткізуге жағдай жасап отыр. Қазіргі уақытта мұндай тәсіл әсіресе қымбат дәрілік препараттарды сатып алуда қолданылады.

Аукциондар да шығынды азайтуға мүмкіндік берді

Мемлекеттік сатып алудағы қосымша үнем әлеуетті өнім берушілердің баға бойынша өзара бәсекелесуіне мүмкіндік беретін аукциондық рәсімдер арқылы қалыптасты.

Өткізілген аукциондардың нәтижесінде тағы да 15 млрд теңгеден астам қаражат үнемделді.

Осылайша, дәрі-дәрмек сатып алу құнын төмендету бірнеше бағытта қатар жүргізіліп жатыр: өндірушілермен тікелей келісімшарттар жасасу, бағаны төмендету бойынша келіссөздер өткізу, халықаралық сатып алу арналары мен бәсекелестік рәсімдерді пайдалану.

Бұл ретте мемлекеттік сатып алудағы үнем пациенттерге берілетін дәрі-дәрмек көлемінің қысқаруын білдірмейді.

Керісінше, үнемделген қаражат қосымша дәрілік препараттар сатып алуға және пациенттерді емдеу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталады.

Мәселен, 2025 жылғы сатып алу науқанының қорытындысы бойынша үнемделген 70,5 млрд теңге қосымша дәрілік қамтамасыз етуге жұмсалды. Бұл қаражат есебінен онкологиялық, жүрек-қан тамырлары және аутоиммундық ауруларды емдеуге арналған жеті инновациялық препаратты тегін берілетін дәрілер тізіміне енгізу мүмкін болды.

Ұқсас материалдар