Алматыда жүргізушісіз көліктерді сынауға дайындықтың жаңа кезеңі басталды. Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен Yandex Qazaqstan компаниясы қаланың жоғары дәлдіктегі цифрлық картасын жасауға кірісті.
Қазірдің өзінде арнайы жабдықталған көліктер Алматы көшелеріне шығып, жол инфрақұрылымы туралы деректер жинауда. Олар лидарлармен, камералармен және басқа да сенсорлармен жабдықталған. Бұл құрылғылар жол белгілерін, жол таңбаларын, бағдаршамдарды, қиылыстарды және қалалық ортаның басқа да элементтерін тіркейді. Жиналған ақпарат негізінде жол инфрақұрылымының егжей-тегжейлі цифрлық моделі қалыптастырылады.
Жұмыс автономды көлікті нақты қалалық ортада қауіпсіз сынауға қажетті технологиялық және нормативтік жағдайларды қалыптастыруға бағытталған шаралардың бір бөлігі болып отыр.
«Жасанды интеллект нақты экономикалық салалар мен адамдардың күнделікті өмірін өзгертетін қолданбалы технологияға айналуы керек. Автономды көлік – осы өзгерістің ең айқын мысалдарының бірі. Қазақстанда автономды көліктерді қалалық ортада сынауға қажетті нормативтік жағдайлар жасалды. Келесі кезең – қажетті технологиялық инфрақұрылымды қалыптастыру. Алматының жоғары дәлдіктегі картасын жасау осы жұмыстың бір бөлігі. Бұл ретте негізгі қағидат қауіпсіздік болып қала береді. Сондықтан автономды көлікті енгізу технологияларды сынау, нақты жол жағдайларын талдау және реттеу тетіктерін одан әрі жетілдіру арқылы кезең-кезеңімен жүзеге асырылады», – деді Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев.
Карта қалай жасалады?
Жоғары дәлдіктегі карта автономды көлік жүйесінің маңызды құрамдас бөліктерінің бірі саналады. Онда жол таңбалары, қиылыстар, бағдаршамдар, жол белгілері және басқа да нысандар туралы егжей-тегжейлі ақпарат қамтылады. Бұл көлікке өзінің орналасқан жерін дәл анықтап, белгіленген бағыт бойынша бағдарлануға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар автономды жүйе картадағы ақпаратпен бірге қоршаған ортаны нақты уақыт режимінде талдайды. Лидарлар нысандарға дейінгі қашықтықты анықтап, кеңістіктің үш өлшемді моделін қалыптастырады. Камералар жол белгілері мен бағдаршам сигналдарын қоса алғанда, визуалды нысандарды таниды. Ал қосымша сенсорлар жолдағы жағдай туралы ақпаратты толықтырады.
Осы деректердің негізінде жүйе көліктің орналасқан жерін анықтап, айналасындағы нысандар мен жол қозғалысына қатысушыларды таниды, жол жағдайының одан әрі қалай өзгеруі мүмкін екенін бағалап, қозғалыстың келесі траекториясын қалыптастырады.
«Алматы – көлік инфрақұрылымы күрделі әрі алуан түрлі елдегі ең ірі мегаполис. Қала үшін жаңа технологиялардың мүмкіндіктерін зерттеп, оларды қауіпсіз енгізуге жағдай жасау маңызды. Картографиялау қалалық ортаның ерекшеліктерін ескеріп, жобаның келесі кезеңдеріне қажетті технологиялық негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деді Алматы қаласы Цифрландыру басқармасының басшысы Сабит Нұрқанат.
Yandex Qazaqstan компаниясының мәліметінше, қазіргі кезеңде көліктер тек қаланы картографиялаумен айналысады және жолаушыларды автономды режимде тасымалдамайды.
«Жоғары дәлдіктегі картаны жасау – автономды көлік технологиясын Алматыда пайдалануға дайындаудың маңызды кезеңі. Қалалық орта үнемі өзгеріп отырады: қиылыстар, жол таңбалары, бағдаршамдар, жол белгілері және қозғалысты ұйымдастырудың әртүрлі сценарийлері бар. Автономды көлік бағыт бойынша дәл бағдарлана алуы үшін бұл деректерді жинап, жүйелеуіміз қажет. Қазір біздің көліктер қала аумағын картографиялаумен айналысып жатыр. Жобаның келесі кезеңдері туралы бөлек хабарлаймыз», – деді Yandex Qazaqstan басшысы Тимур Шалекенов.
Осылайша, жоғары дәлдіктегі картаны жасау Алматыда автономды көлікті одан әрі сынауға дайындықтың алғашқы технологиялық кезеңдерінің бірі болып отыр. Келесі кезеңдер картографиялау нәтижелеріне, технологияларды сынауға, сондай-ақ қауіпсіздік пен реттеу тәсілдерін жетілдіруге байланысты жүзеге асырылады.





