Түркияның Анталья қаласында Қазақстан-Түркия автомобиль көлігі жөніндегі аралас комиссиясының отырысы өтіп, екі ел арасындағы халықаралық автотасымалдар мен транзитті дамытуға қатысты бірқатар маңызды уағдаластық жасалды.
Тараптар электрондық рұқсаттарға сандық шектеу қоймау туралы келісімге келді. Бұл тасымалдаушыларға маршруттарды икемдірек ұйымдастырып, тасымал нарығындағы қажеттіліктерге жедел жауап беруге мүмкіндік береді.
Кездесудің маңызды нәтижелерінің бірі — Қазақстандық автотасымалдаушыларға Түркияның теңіз порттарынан жүктерді тиеп, оларды Қазақстанға жеткізуге мүмкіндік берілуі.
Сонымен қатар тараптар 2026 жылдан бастап осындай транзиттік жүктерді тасымалдауға арналған рұқсат бланкілерімен жыл сайын 3 мыңнан өзара алмасуға келісті.
Жаңа уағдаластықтар екі ел арасындағы жүк тасымалының мүмкіндіктерін кеңейтіп, теңіз порттары арқылы өтетін логистикалық бағыттарды тиімдірек пайдалануға жағдай жасайды.
Комиссия отырысына қатысушылар екіжақты және транзиттік автотасымалдарды одан әрі дамытудың маңызын атап өтті. Олардың пікірінше, бұл бағыт Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтіп, көлік-логистикалық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.
Кездесу қорытындысында тараптар қол жеткізілген келісімдерге қанағаттанушылық білдіріп, халықаралық автомобиль тасымалдары саласындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға мүдделі екендерін растады.





