Қазақстанда көлеңкелі экономиканы қысқарту және экономикалық процестердің ашықтығын арттыру бойынша жұмыстар жалғасуда. Бұл мәселелер Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте қаралды.
Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, соңғы бес жылда осы бағытта 24 нормативтік құқықтық акт қабылданып, 20 ақпараттық жүйе жаңғыртылған. Нәтижесінде бақыланбайтын экономиканың ЖІӨ-дегі үлесі 2023 жылғы 17,58%-дан 2025 жылы 15,69%-ға дейін қысқарды.
Цифрландыру көлеңкелі айналымды азайтудың құралына айналды
Көлеңкелі операцияларды анықтау мен экономикалық процестерді бақылауда мемлекеттік ақпараттық жүйелерді интеграциялауға басымдық беріліп отыр.
Ауыл шаруашылығында өнім қозғалысын бақылауға арналған цифрлық жүйелер енгізілуде. Мұнай-газ және энергетика салаларында шикізат балансын есепке алу құралдары орнатылып, жанар-жағармай нарығы бойынша талдамалық жүйелер қалыптастырылуда.
Сауда саласында шетелдік рұқсат құжаттары цифрландырылып, навигациялық пломбалар енгізілуде. Сонымен қатар тауарларды таңбалау мен каталогтау кеңейіп, Digital bazaar жүйесі әзірленуде.
Құрылыс саласында мемлекеттік қала құрылысы кадастрының цифрлық жүйесі қолданылады. Биыл Qportal.kz бірыңғай құрылыс порталы іске қосылып, жобаларды жасанды интеллект көмегімен тексеру бойынша пилоттық жоба басталды.
922,5 мың өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам тіркелді
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды заңдастыру бойынша да жұмыс жүргізілуде. Мемлекеттік кірістер комитеті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, 45 интернет-платформаның интеграциясын аяқтады.
Қазір 922,5 мың өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам ресми тіркелген. Олардың 94%-ы интернет-платформалар арқылы жұмыс істейді. Бұл азаматтар әлеуметтік төлемдер ретінде 9,9 млрд теңге аударған.
Зергерлік нарықты заңдастыру мәселесі көтерілді
Кеңесте бағалы металдардың заңсыз айналымын азайту және зергерлік саланы ашық нарыққа шығару мәселесі де талқыланды.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің дерегінше, 2025 жылы Қазақстандағы зергерлік бұйымдардың ішкі нарығы шамамен $168 млн болып, бір жылда 3,4%-ға өскен. Өндіріс 31%-ға артып, $7,2 млн, ал экспорт $65,4 млн болды.
Сонымен бірге нарықтағы айналымның бір бөлігі әлі де көлеңкелі секторда қалып отыр. 2025 жылы ломбардтар «Тау-Кен Алтын» ЖШС-ға өңдеуге шамамен 3,2 тонна бағалы металл сынықтары мен қалдықтарын тапсырған. Осыған байланысты аффинаж субъектілеріне шикізатты міндетті түрде өткізу және оны қабылдау тәртібін жетілдіру ұсынылды.
Серік Жұманғарин зергерлер үшін заңды жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасап, олардың заңды алтын көздеріне қолжетімділігін қамтамасыз етудің маңызын атап өтті.
«Зергер – бұл нағыз өнер иесі. Олардың кәсібі ұрпақтан ұрпаққа жалғасуда. Біздегі ірі зергерлік орталықтарды сақтап, оны заңды салаға барынша жеткізу маңызды. Оның ішінде зергерлердің заңды алтын көзіне қол жеткізуін қамтамасыз ету маңызды. Жұмыс үшін ашық жағдай жасау саланы заңдастырудың негізгі қадамының бірі болмақ», — деді министр.
Сонымен қатар зергерлік бұйымдарды міндетті таңбалау мәселесі қаралды. 2025 жылы таңбалауға 959 нарық субъектісі өтінім берген. Бұл ретте зергерлік бұйымдармен жұмыс істейтін салық төлеушілердің жалпы саны 3 520 болды.
Кеңес қорытындысында 2026–2028 жылдарға арналған көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарды іске асыруды жалғастыру, ведомствоаралық жұмысты күшейту және бағалы металдар мен зергерлік нарықты реттеуді жетілдіру тапсырылды.





