Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының өкілдерімен кездесті.
Қазақстанның Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясын іске асыруға қатысты елдің бесінші және алтыншы біріктірілген мерзімдік баяндамаларын қарау алдында БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының өкілдерімен келіссөз жүргізді.
Кездесу барысында БҰҰ Бала құқықтары жөніндегі комитетінің алдағы отырысында қаралатын негізгі мәселелер талқыланды. Халықаралық ұйым өкілдері ұлттық баяндаманы қарау тәртібінің ерекшеліктерін түсіндіріп, делегация жұмысы мен қажетті ақпаратты ұсынуға қатысты практикалық ұсыныстар берді.
Тараптар балалардың құқықтарын қорғауға байланысты өзекті мәселелерге, сондай-ақ Комитет мүшелері көтеруі мүмкін практикалық жағдайларға тоқталды. Қазақстанның ұстанымын таныстыру және ықтимал сұрақтарға жауап беру тәсілдері де қарастырылды.
Кездесу Женевада өтетін БҰҰ Бала құқықтары жөніндегі комитетінің отырысына мемлекеттік делегацияның дайындығын пысықтауға мүмкіндік берді.





