Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің кезекті онлайн отырысында ЕАЭО аясындағы жаңа кооперациялық жобаларды іске асыру туралы шешімдер қабылданды. Қазақстан тарапынан отырысқа Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қатысты.
Жаңа жобалардың бірі – Мәскеу облысында AKRUS лак-бояу материалдарын өндіретін зауыт салу. Бес жылға жоспарланған жоба 2026 жылы басталады. Кәсіпорын қазіргі аналогтарға қарағанда коррозияға және отқа төзімділігі жоғары жабындар шығарады.
Жобаға Беларусьтің «Орион-ВК» кәсіпорны, Қазақстанның Asyl Construction ЖШС және Ресейдің «АКЗ Покрытия» ЖШҚ қатысады. Қазақстандық компания материалдар мен технологиялық жабдықтарды жеткізуді қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар «Самара гипс зауытында» жаңа араластыру желісін іске қосу жобасы мақұлданды. Оның нәтижесінде құрғақ құрылыс қоспалары мен арнайы қоспалардың өндіріс көлемі жылына 75,5 мың тоннаға артады.
Бұл жобаға Қазақстан тарапынан инженерлік және құрылыс қызметтерін көрсететін Elita ЖШС қатысады. Беларусьтің «Ремеза» компаниясы да жобаға тартылған. Қазақстан бюджетіне салық түсімдері түрінде шамамен 180 млн теңге түседі деп күтіледі.
Бұған дейін, 2025 жылы Ақмола облысында ауыл шаруашылығы техникасын өндіру жөніндегі ЕАЭО кооперациялық жобасы мақұлданған болатын.
ЕАЭО аясындағы кооперациялық жобаларға пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау арқылы жеңілдетілген қаржыландыру тетіктері қарастырылған. Бұл жобалар өндірістің технологиялық деңгейін арттыруға, жаңа өндіріс модельдерін енгізуге және мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге бағытталған.
Кеңес отырысында аграрлық салаға қатысты бірқатар өзгерістер де қабылданды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы дақылдарының сорттарын сынаудың далалық әдістемесіне өзгерістер енгізілді.
Сондай-ақ карантиндік-фитосанитариялық талаптар жаңартылды. Оның ішінде қызанақ, бұрыш және баклажанға әсер ететін пепино мозаикасы вирусына қатысты талаптар оңтайландырылды. Тиісті карантиндік-фитосанитариялық қауіпсіздік қамтамасыз етілген жағдайда өнімде вирустың болмауы туралы талапты алып тастау көзделген.
Бұдан бөлек, карантиндік-фитосанитариялық бақылауға жататын реттелетін өнімдер тізіміне өзгерістер енгізілді. Қажетті таңбасы болған жағдайда ағаш қаптама және бекіту материалдары үшін фитосанитариялық сертификат талап етілмейді.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 14 жасқа дейінгі балаларға арналған ойыншықтарға қатысты Кеден одағының техникалық регламентіне де түзетулер енгізілді. Өзгерістер тұтынушыларды қорғауға, жаңылыстыратын ақпаратқа жол бермеуге және өнім қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.





