Қазақстанда алимент өндіру тәртібін қайта қарап, балалардың құқықтарын қорғау шараларын күшейту ұсынылды. Осы мәселеге қатысты Құрылтай депутаты Лариса Ли Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдады.
Депутаттың айтуынша, алимент өндіруге қатысты атқарушылық іс жүргізу бірнеше жылға созылып, осы уақыт ішінде берешек көлемі ұлғая береді. Соның салдарынан сот шешімі болғанына қарамастан, көптеген балалар өздеріне тиесілі қаржылық көмекті толық ала алмай отыр.
«Іс жүзінде алимент өндіруге қатысты атқарушылық іс жүргізу жылдар бойы жалғасуы мүмкін. Осы уақытта берешек ұлғая береді, ал балалар заңда көзделген материалдық қамтамасыз етусіз қалады», — делінген депутаттық сауалда.
Әсіресе, мүгедектігі бар немесе қосымша медициналық және түзету көмегіне мұқтаж балалар тәрбиеленіп отырған отбасылардың жағдайы күрделі. Мұндай отбасыларда тамақтану, білім алу, коммуналдық қызметтер мен мамандардың көмегіне жұмсалатын шығындар көбіне бір ата-ананың мойнына түседі.
Жасырын табыстар қалай анықталмақ?
Депутат алимент төлеуге міндетті кейбір азаматтардың нақты табысын жасыратынына назар аударды. Олар үшінші тұлғалардың банк шоттарын пайдаланып, бейресми табыс табуы немесе кәсіпкерлік қызметтен түсетін кірістерін көрсетпеуі мүмкін.
Мәселені шешу үшін алимент өндіру жүйесінің тиімділігіне талдау жүргізіп, бірыңғай мемлекеттік бақылау тетігін құру мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.
Мұндай жүйе табысты жасыру, жалған жұмысқа орналасу, ресми кіріс пен нақты шығындардың сәйкес келмеуі сияқты жағдайларды анықтауға, сондай-ақ борышкерлердің мүлкі мен қаржылық активтерін тексеруге мүмкіндік беруі тиіс.
Сонымен қатар Лариса Ли сот орындаушыларына Яндекс, inDrive сияқты такси сервистерінің және тауар жеткізу платформаларының деректеріне қол жеткізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бұл азаматтардың бейресми табыс көздерін анықтауға көмектесуі мүмкін.
Бұдан бөлек, алимент өндірумен айналысатын жеке сот орындаушыларының қызметіне мемлекеттік бақылауды күшейту ұсынылып отыр.
Аналарға тұрғын үй субсидиялары мен жеңілдіктер ұсынылды
Бастамалардың тағы бір бөлігі екінші ата-ананың қаржылық қолдауы болмағандықтан, кәмелетке толмаған балаларын өз бетінше асырап отырған аналарға көмек көрсетуге бағытталған.
Атап айтқанда, депутат мынадай шараларды қарастыруды ұсынды:
-
жалға берілетін тұрғын үй ақысының бір бөлігін субсидиялау және коммуналдық шығындарды ішінара өтеу;
-
арнайы тұрғын үй бағдарламаларын әзірлеу және баспана алуға жеңілдетілген шарттар ұсыну;
-
алиментті ұзақ уақыт алмау салдарынан несие жүктемесі артқан аналарға қолдау көрсету;
-
мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға көмекті кеңейту;
-
мемлекеттік балабақшалардан орын беруде басымдық қарастыру және мектепке дейінгі білім беру ақысына жеңілдіктер енгізу.
Депутаттың пікірінше, мұндай қолдау шаралары балаларын жалғыз асырап отырған ата-аналардың нақты қаржылық жағдайын ескеруі қажет.
Алимент төлемегені үшін жауапкершілік күшейтілуі мүмкін
Лариса Ли алимент төлеуден қасақана жалтарған азаматтарға қатысты әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті қатаңдатуды да ұсынды.
Атап айтқанда, әкімшілік қамаққа алу және бас бостандығынан айыру мерзімдерін ұзарту, сондай-ақ міндетті қоғамдық жұмыстардың көлемін арттыру мүмкіндігі қарастырылуы мүмкін.
Бұл бастамалар алимент бойынша берешекті өндірудің ұзаққа созылуы және сот шешімдерінің жеткілікті деңгейде орындалмауы мәселелерін шешуге бағытталған.
Бұған дейін Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында балалардың пайдасына 37 млн теңге алимент берешегі өндірілгені хабарланған болатын. Сонымен қатар 25 борышкер әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Қазіргі уақытта аталған бастамалар депутаттық ұсыныс ретінде Үкіметтің қарауына жолданды. Олар алимент төлеуден жалтарған азаматтарға бақылауды күшейтумен қатар, тиісті төлемдерді ұзақ уақыт бойы ала алмай жүрген отбасыларға әлеуметтік қолдауды кеңейтуді көздейді.





