Бізге жазылыңыз:

Абай облысына 417,7 млрд теңге инвестиция тартылды

Абай облысына 417,7 млрд теңге инвестиция тартылды

Абай облысының экономикасына 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 417,7 млрд теңге инвестиция тартылды. Оның 365,2 млрд теңгесі жеке инвестицияларға тиесілі. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 97,9 млрд теңгеге артық. Өңір инвестиция көлемі бойынша республикада сегізінші орында тұр.

Бұл туралы облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен әкімдік отырысында айтылды. Жиында өңірдің тоғыз айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, жұмыспен қамту және халықтың осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садырдың мәліметінше, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында өңірдің жалпы өңірлік өнімі 1 трлн 783,5 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,7%-ға жоғары.

Өнеркәсіп өндірісі 2,5 трлн теңгеге жетті

Қаңтар-қыркүйек айларында облыста 2,5 трлн теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 630 млрд теңгеге артық. Өнеркәсіп өнімінің көлемі бойынша Абай облысы республика өңірлері арасында сегізінші орынға көтерілді. Бұған дейін өңір оныншы орында болған.

Экономиканың негізгі салаларында да өсім тіркелді. Атап айтқанда, көлік саласындағы көрсеткіш 13,4%-ға, құрылыста 11,5%-ға, тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 8,3%-ға, өңдеу өнеркәсібі 7%-ға артты.

Ішкі сауда 5,8%-ға, ауыл шаруашылығы 4,5%-ға, инвестиция көлемі 2,8%-ға, байланыс саласы 2,6%-ға өсті.

Тұрғын үй құрылысы қарқын алды

Есепті кезеңде облыста 240,4 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары орындалып, 173,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші бойынша Абай облысы республикада 19-орыннан алтыншы орынға көтерілді.

Бюджет кірістері бойынша да оң нәтиже байқалады. Тоғыз айда облыс бюджетіне жоспарланған 122,6 млрд теңгенің орнына 123,1 млрд теңге түсті. Осылайша, кірістер жоспары 561,9 млн теңгеге артығымен орындалды. Меншікті кірістер көлемі бойынша өңір республикада төртінші орында.

Аудандардың жұмысы рейтинг арқылы бағаланды

Әкімдік отырысында қала және аудан әкімдерінің қызметіне 83 индикатор бойынша жүргізілген рейтингтік бағалау нәтижелері де жарияланды.

Бағалау қорытындысында Семей қаласы, Жаңасемей және Үржар аудандары алғашқы үштікке енді. Ал Курчатов қаласы, Ақсуат және Көкпекті аудандары төменгі орындарға жайғасты.

Көкпекті ауданы өткен жылдың қорытындысы бойынша да, биылғы тоғыз айда да рейтингтің соңғы сатысында қалған.

Осыған байланысты Берік Уәли аталған әкімдіктерге негізгі көрсеткіштерді жақсарту үшін жұмысты күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ Көкпекті ауданында қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін бағалап, тиісті шешім ұсынуды жүктеді.

«Әрбір басқарма басшысы мен қала, аудан әкімі өз бағыты бойынша нақты нәтижеге қол жеткізуге баса назар аударсын. Жыл қорытындысына дейін қалған уақытты тиімді пайдаланып, анықталған кемшіліктерді жою және жоспарланған көрсеткіштерді орындау бойынша тиісті шаралар қабылдау қажет», – деді облыс әкімі.

Жиын қорытындысында инвестиция тарту, өндіріс пен кәсіпкерлікті дамыту, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік және жұмыспен қамту салаларындағы жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу тапсырылды. Облыс әкімі жыл соңына дейін міндеттерін орындамаған жауапты тұлғаларға тәртіптік шаралар қолданылатынын ескертті.

Ұқсас материалдар