Бізге жазылыңыз:

Қазақстанда ұшқышсыз жүйелерді дамыту жоспары бекітілді

Қазақстанда ұшқышсыз жүйелерді дамыту жоспары бекітілді

Қазақстан Үкіметі 2026–2029 жылдарға арналған ұшқышсыз жүйелерді дамыту жөніндегі кешенді жоспарды бекітті. Құжат нормативтік және цифрлық инфрақұрылымды қалыптастыруды, отандық өндірушілерді қолдауды және автономды технологияларды экономиканың түрлі салаларына енгізуді көздейді.

Жоспар Үкіметтің 2026 жылғы 13 қазандағы №898 қаулысымен бекітілді. Құжат премьер-министрдің 10 сәуірдегі тапсырмасы негізінде әзірленген. Оның іске асырылуын Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі үйлестіреді.

Жоспарды жүзеге асыруға 18 мемлекеттік орган, әкімдіктер, даму институттары және квазимемлекеттік компаниялар қатысады.

2029 жылға дейін қандай нәтижелерге қол жеткізу көзделген?

Негізгі міндеттердің бірі — ұшқышсыз авиациялық жүйелерге арналған бірыңғай цифрлық экожүйе құру. Ол үшін бірыңғай цифрлық платформа мен дрондардың қозғалысын автоматтандырылған басқаруға арналған UTM жүйелерін енгізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар Қазақстанда ұшқышсыз жүйелер өндірісін жергіліктендіруге, оның ішінде маңызды аппараттық компоненттер мен қорғалған бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеуге басымдық беріледі.

Жоспардың негізгі көрсеткіштері:

  • ұшқышсыз технологиялар саласында кемінде 1 000 маман даярлау;

  • кемінде екі ғылыми-зерттеу орталығы мен бейінді зертхана құру;

  • экономиканың түрлі салаларында ұшқышсыз жүйелерді қолданудың үлгілік сценарийлерін енгізу;

  • экспортқа бағдарланған отандық өндірісті дамыту.

Дрондарды тіркеу және рұқсат алу цифрландырылады

Бірыңғай цифрлық платформа азаматтар, бизнес және мемлекеттік органдар үшін негізгі қызметтерді бір арнаға біріктіреді. Ол арқылы өтінім беру, дрондарды тіркеу және есепке алу, сондай-ақ ұшу бағыттарын келісу рәсімдерін жүзеге асыру жоспарланған.

Бұл әкімшілік кедергілерді азайтып, рұқсат беру рәсімдерін жеделдетуге мүмкіндік береді.

Нормативтік базаны жаңарту аясында ұшқышсыз жүйелерді пайдалану мен олардың айналымын бақылау және қадағалау жөніндегі мемлекеттік функциялардың бір бөлігін Ішкі істер министрлігіне беру көзделген.

Бұдан бөлек, дрон иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру, байланыс арналарының киберқауіпсіздігіне қойылатын талаптар және операторларға сертификаттарды мамандандырылған ХҚКО арқылы беру мәселелері пысықталады.

Отандық өндіріс пен экспортқа басымдық беріледі

Үкімет ұшқышсыз аппараттарды құрастырумен шектелмей, аппараттық компоненттер мен байланыс жүйелерінен бастап бағдарламалық қамтамасыз етуге дейінгі толық өндірістік циклді қалыптастыруды көздеп отыр.

Осы мақсатта ұшқышсыз жүйелер өндірісін цифрлық қызметтің басым бағыттары тізіміне енгізу жоспарланған. Мемлекеттік сатып алуда жеңілдіктер беру, сондай-ақ Astana Hub резиденттерімен ұзақ мерзімді оффтейк-келісімшарттар жасасу қарастырылған. Бұл тетіктер мемлекеттік қорғаныс тапсырыстары мен квазимемлекеттік сектордың сатып алуларын да қамтуы мүмкін.

Сонымен қатар өндірісте қолданылатын шикізат пен компоненттерді импорттау рәсімдерін жеңілдету және дайын өнім экспортына кедергі келтіретін мәселелерді шешу көзделіп отыр.

Дрондар экономиканың түрлі салаларында қолданылады

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі бейінді мемлекеттік органдармен бірлесіп, ұшқышсыз жүйелерді ауыл шаруашылығында, энергетикада, тау-кен металлургия кешенінде, логистикада, коммуналдық шаруашылықта, төтенше жағдайларды бақылауда және экологиялық мониторингте қолдану мүмкіндіктерін зерттейді.

Зерттеу нәтижелері бойынша технологияларды пайдаланудың үлгілік сценарийлері, әдістемелік ұсынымдар және мемлекеттік қолдау шаралары әзірленеді.

Инфрақұрылымды дамыту да жоспардың маңызды бөлігіне айналады. Құжатта вертипорттар, дрон-порттар және автоматты зарядтау станциялары желісін құру, сондай-ақ салаға қажетті радиожиіліктер мен спутниктік байланыс арналарының қолжетімділігін қамтамасыз ету қарастырылған.

2027–2028 жылдары ұшқышсыз жүк тасымалын сынақтан өткізуге арналған пилоттық жобаны іске қосу жоспарланып отыр.

Мектептен бастап мамандар даярланады

Ұшқышсыз технологиялар саласына қажетті кадрларды даярлау үшін білім беру бағдарламаларын дамыту көзделген.

Еліміздің мектептерінде авиамодельдеу кабинеттерін ашу және STEAM кабинеттерін арнайы жабдықтармен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Сондай-ақ бастапқы әскери дайындықтың тиісті модульдеріне пилоттау негіздері мен техникалық сауаттылықты енгізу қарастырылады.

Колледждер мен жоғары оқу орындарының бағдарламалары еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкес жаңартылады. Сонымен бірге ұшқышсыз технологиялар бойынша жыл сайынғы университеттік жарыстар өткізу жоспарланған.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі ұшқышсыз жүйелер саласында перспективалы жобалары бар кәсіпкерлердің, инженерлер мен әзірлеушілердің ұсыныстарын қарастыруға дайын екенін мәлімдеді.

Кешенді жоспарды іске асыру Қазақстанда ұшқышсыз жүйелер өндірісін қалыптастыруға, технологиялық дербестікті арттыруға және отандық өнімнің экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.

Ұқсас материалдар