Қазақстанда шетел азаматтарына сатып алған азық-түлікке жатпайтын тауарлары үшін төленген ҚҚС-тың бір бөлігін қайтаруға мүмкіндік беретін Tax Free пилоттық жобасы жүзеге асырылуда. Бұл ретте тауарлар ЕАЭО-ның кедендік аумағынан тыс жерге шығарылуы тиіс.
Жобаны іске асыру қағидалары Қаржы министрінің 2026 жылғы 4 маусымдағы бұйрығымен бекітілген. Tax Free жүйесін ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің азаматтарынан басқа шетел азаматтары пайдалана алады.
Қандай сатып алулар үшін ҚҚС қайтарылады
Tax Free жүйесін пайдалану үшін бір кассалық чек бойынша кемінде 10 АЕК сомасына азық-түлікке жатпайтын тауарларды сатып алу қажет. 2026 жылы бұл шек 43 250 теңгені құрайды.
Tax Free құжатын сатушы ҚҚС сомасы бөлек көрсетілген кассалық чек негізінде рәсімдейді. Құжат қағаз немесе электронды түрде берілуі мүмкін.
Қаражатты қайтаруды Tax Free жүйесінің операторы жүзеге асырады.
Жүйе қай жерде жұмыс істейді
Пилоттық жоба бірқатар ірі қалалар мен туристік орталықтарды қамтиды. Олардың қатарында Алматы, Астана, Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Балқаш, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Петропавл, Семей, Тараз, Түркістан, Орал, Өскемен (Катонқарағай), Шымкент, сондай-ақ Ақмола облысындағы Бурабай кенті бар.
Жүйеге ҚҚС төлеуші болып табылатын және стационарлық сауда орындарында азық-түлікке жатпайтын тауарларды бөлшек саудада өткізетін кәсіпкерлер қосыла алады.
Бизнес үшін Tax Free жүйесіне қосылу және оны пайдалану тегін.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, жүйеге қатысу дүкендерге шетелдік туристерді көбірек тартуға, сатылым көлемі мен орташа чекті арттыруға мүмкіндік береді.
Жоба әзірге пилоттық форматта іске асырылуда. Оның талаптары Қаржы министрлігінің тиісті бұйрығымен бекітілген.





