Түркістан облысының Төлеби ауданында кәсіпкерлер мен тұрғындарға мемлекеттік қолдау шаралары таныстырылды. Кездесуді Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағнаев өткізді.
Талқылауда кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және бизнеске қолдау көрсету мәселелері көтерілді. Соның ішінде әлеуметтік кәсіпкерлікке арналған «Іскер аймақ» бағдарламасының жаңартылған шарттарына ерекше назар аударылды.
31 тамыздан бастап әлеуметтік кәсіпкерлер бағдарламаға салалық шектеусіз қатыса алады. Олар 200 млн теңгеге дейінгі қарыздар бойынша сыйақы мөлшерлемесінің 50%-ына дейін субсидия ала алады. Қаржыландыру мерзімі — үш жылға дейін.
Сонымен қатар бағдарлама аясында кәсіпкерлерге 5 млн теңгеге дейін гранттар, жеңілдетілген үй-жайлар және қаржылық емес қолдау шаралары қарастырылған.
Ұлттық экономика министрлігі жанынан бағдарламаны одан әрі жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды қарайтын жұмыс тобы да құрылған.
Кездесуде кәсіпкерлер үшін маңызды тағы бір цифрлық құрал — жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін Кәсіпкерлік саласындағы міндетті талаптар тізілімі таныстырылды. Жүйе нақты кәсіп түріне қатысты заңнамалық талаптарды бір жерден іздеуге мүмкіндік береді.
Ауданда бизнес жобалары да жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, құны 1,5 млрд теңге болатын «KazPlast» тігін фабрикасы жылына 90 мыңға дейін қысқы арнайы жұмыс киімін шығарады.
Ірі жобалардың қатарында «QazCoilPro» ЖШС-нің алюминий рулондарын өндіретін зауыт құрылысы бар. Жобаға 115 млрд теңге инвестиция салынып, Киелітас ауылдық округінде 24 гектар аумақта кәсіпорын ашу жоспарланған. Жоба іске қосылған жағдайда 120 жұмыс орны құрылады.
Аудан экономикасында ауыл шаруашылығының да үлесі жоғары. Өткен кезеңде өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 17,4 млрд теңгені құрады. 2025 жылы жалпы құны 5,1 млрд теңге болатын «Fish House» балық шаруашылығы мен «ABZAL GROUP» құс сою пункті іске қосылды. 2026 жылы осындай көлемдегі тағы екі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында қазіргі уақытта 2 761 гектар жерге су үнемдеу технологиялары енгізілген. Биыл тағы 412 гектарға осындай технологияларды қолдану көзделіп отыр.
Кездесуде тұрғындар мен кәсіпкерлер «Ауыл аманаты» жобасына қатысты да сұрақтарын қойды. Атап айтқанда, бағдарламаға қатысу шарттары, мемлекеттік қолдау тетіктері және бизнесті бастау немесе кеңейту мүмкіндіктері талқыланды.





