Қазақстанда жалақы жобаларының форматы айтарлықтай өзгерді. Егер бұрын қызметкерлер жалақыны жұмыс беруші таңдаған банк арқылы ғана алса, бүгінде азаматтар өздеріне ыңғайлы қаржы ұйымын таңдап, жалақыны сол банктегі шотқа аударта алады.
Соңғы жылдары банктер арасындағы бәсекелестік күшейіп, жалақы карталары қарапайым төлем құралы емес, мобильді банкинг, аударымдар, депозиттер, жеңілдетілген несие, кешбэк және түрлі бонустарды біріктіретін кешенді өнімге айналды.
Статистикаға сәйкес, 2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша Қазақстанда айналымдағы төлем карталарының саны шамамен 84 миллионға жеткен. Бұл көрсеткіш бір жылда 3,3%-ға, ал соңғы он жылда бес еседен астам өскен. Сарапшылар мұны банк қызметтерінің цифрлануы, қолма-қол ақшасыз төлемдердің кеңеюі және жалақы жобаларының белсенді дамуының нәтижесі деп бағалайды.
Жалақы жобасы жұмыс берушілер үшін еңбекақы төлеу процесін автоматтандыруға мүмкіндік берсе, қызметкерлер үшін тегін карта қызметі, мобильді қосымша, тиімді аударымдар, арнайы несие шарттары, депозиттік ұсыныстар мен бонустық бағдарламалар сияқты қосымша артықшылықтар ұсынады.
Сонымен қатар еңбек заңнамасына сәйкес, қызметкер жалақысын қай банктің картасына алатынын өзі таңдай алады. Ол үшін қажетті банкте шот ашып, бухгалтерияға жаңа реквизиттерін ұсынса жеткілікті.
Мамандардың айтуынша, банк таңдағанда бірнеше негізгі факторға назар аудару қажет. Олардың қатарында қаржы ұйымының сенімділігі, мобильді қосымшаның қолайлылығы, банкоматтар желісі, қызмет көрсету құны, ақша аударымдарының шарттары, жалақы клиенттеріне арналған несие бағдарламалары мен бонустық ұсыныстар бар.
Бүгінде көптеген қазақстандық банктер жалақы жобалары аясында түрлі қосымша сервистерді ұсынып отыр. Сондықтан шешім қабылдар алдында әр банктің мүмкіндіктерін жан-жақты салыстыру маңызды.
Толық материалды Ranking.kz сайтынан оқуға болады.





