Бізге жазылыңыз:

Қазақстанның IT қызметтері экспорты $1,1 млрд-тан асты

Қазақстанның IT қызметтері экспорты $1,1 млрд-тан асты

Қазақстан IT қызметтерінің экспортын айтарлықтай арттырды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша отандық IT секторының экспорттық түсімі $1,142 млрд болды. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық банкінің деректерінде көрсетілген.

Осылайша, IT қызметтерінің экспорты шетелдік цифрлық шешімдердің импортынан 2,6 еседен астам жоғары болды. Импорт көлемі $429 млн құрады.

Бұл көрсеткіштер IT қызметтері саласында оң сыртқы сауда теңгерімінің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Қазақстандық цифрлық өнімдер мен шешімдер шетел нарықтарында сұранысқа ие болып, отандық компаниялар халықаралық нарықтардағы қатысуын кеңейтіп келеді.

Қазақстандық IT компаниялар шетел нарығына шығуда

Қазақстанның жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, отандық IT шешімдер қазірдің өзінде әлемнің 110-нан астам елінде ұсынылған.

IT экспорттық әлеуетін дамытудың негізгі құралдарының бірі — Astana Hub экожүйесі. 2025 жылы Astana Hub резиденттерінің IT қызметтері экспорты $633 млн-ға жетті.

Шетелге өнім мен қызметтерді 537 компания сатады. Экспорт бағыттарының қатарында Германия, Испания, Нидерланд және Біріккен Араб Әмірліктері бар.

Astana Hub экожүйесінде 32,5 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар e-residency жобасы 6 мыңнан астам шетелдік маманға Қазақстанның цифрлық инфрақұрылымына қол жеткізуге мүмкіндік берді.

Халықаралық нарықтарға шығуға басымдық берілуде

IT экспортын дамытудың келесі кезеңінде қазақстандық компаниялардың шетел нарықтарындағы қатысуын тікелей кеңейтуге басымдық берілмек.

Қазіргі таңда Пало-Альто, Шанхай және Дубайда халықаралық инновациялық хабтар жұмыс істейді. Олар отандық технологиялық компанияларға серіктестер мен инвесторлар табуға және жаңа нарықтарға шығуға көмектесуге бағытталған.

Жаңа бағыттардың бірі — Оңтүстік-Шығыс Азия. 2026 жылы Ташкентте өткен CEVF форумында Astana Hub, IT Park Uzbekistan және Big Sky Capital венчурлік қоры үшжақты меморандумға қол қойды.

Келісім Малайзияда технологиялық хаб құруды көздейді. Ол қазақстандық стартаптардың өңірдің жаңа нарықтарына шығуына арналған алаңға айналуы тиіс.

Сонымен қатар Silkway Accelerator және Hero Training сияқты акселерациялық бағдарламалар жұмысын жалғастыруда. Олар технологиялық жобаларды дамытуға және жергілікті әзірлемелерді халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті өнімге айналдыруға бағытталған.

IT экспортының одан әрі өсуіне жағдай жасалмақ

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінде IT қызметтерінің экспортын дамыту елдің цифрлық экономикасын қалыптастырудың негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті.

ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Цифрлық активтер және озық технологиялар комитетінің төрағасы Ғиззат Байтурсынов $1 млрд межесінің алынуы мемлекеттік қолдау шараларының, IT экожүйесінің дамуы мен қазақстандық компанияларды халықаралық деңгейде ілгерілетудің нәтижесін көрсететінін айтты.

«IT қызметтерінің экспортын дамыту — ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Цифрлық активтер және озық технологиялар комитетінің толыққанды цифрлық экономиканы қалыптастыру жөніндегі жүйелі жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Бүгінде қазақстандық IT компаниялардың халықаралық нарықтарға шығуына, өз шешімдерін ауқымдауға және жаһандық цифрлық экономикаға кірігуіне жағдай жасауды кезең-кезеңімен қалыптастырып келеміз. 1 млрд доллар межесі — құрылған қолдау шаралары, экожүйенің дамуы және халықаралық ілгерілету өз нәтижесін беріп жатқанын көрсететін маңызды көрсеткіш. Біздің міндетіміз — осы өсімді бекітіп, цифрлық қызметтер экспортын одан әрі ұлғайту үшін тұрақты негіз қалыптастыру», — деді Ғиззат Байтурсынов.

Экспорттық түсімнің өсуі аясында Қазақстанның IT секторында компанияларды ауқымдау, экспорт географиясын кеңейту және отандық технологиялық өнімдерді халықаралық құн қалыптастыру тізбектеріне енгізу негізгі бағыттардың бірі болып қала береді.

Ұқсас материалдар