
Тараптар Proton Holdings компаниясының Қазақстанда электромобильдер шығару жоспарын талқылады. Компания — Малайзия нарығында машина жасау саласындағы көшбасшы. Proton автокөліктері, оның ішінде іштен жану қозғалтқыштары бар үлгілер де, электромобилдер де 26-дан астам елге экспортталады. Сонымен қатар өндірушінің трансмиссиялар мен автокөліктерді әзірлеу, жобалау және инженерлік зерттеу орталығы бар.
Олжас Бектенов Қазақстан Республикасының Президенті заманауи технологияларды енгізу арқылы өндірістерді локализациялау және жаңа жұмыс орындарын ашу, машина жасау саласын дамыту міндетін қойғанын атап өтті. Инвестиция тарту және жаңа өндіріс орындарын ашу Қазақстан экономикасын әртараптандыру және орнықты өсуі үшін маңызды мәнге ие. Осы жылдың бірінші тоқсанында аталған салаға 55 млрд теңге инвестиция тартылды. 2024 жылы инвестиция көлемі 2 есеге — 282 млрд теңгеге жетті.
Жиында Үкіметтің жобаны жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екені айтылды. Еліміздің ғылыми-техникалық әлеуетін дамыту үшін ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар саласындағы ынтымақтастық пен тәжірибе алмасудың келешегі зор.
Proton Holdings бас директоры Чунронг Ли инвесторлар үшін жасалған жағдайдың тартымдылығына байланысты Қазақстан нарығына шығуға қызығушылық танытты.