
— Бүгінде елорда аумағында 254 мың шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істеп тұр. Бұл өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 8,3%-ға артқанын көрсетіп отыр. Өткен жылы қала экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесі 68,2% немесе 10 563,8 млрд теңге, ел бойынша 1 орындамыз. Шағын және орта бизнесте 528 мың адам жұмыс істейді, бұл қаланың еңбекке қабілетті халқының 73%, — деді Қуаныш Сапаров Астана қаласы коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, елордада өткен жылы шағын және орта бизнес субъектілері 15,8 трлн теңгеге тауар өндіріп, қызмет көрсеткен.
— Бұл республика бойынша өндірілген өнім мен көрсетілген қызметтің 19%. Сонымен қатар былтыр ШОБ субъектілері 1 300,7 млрд теңге салық және өзге де төлемдер жасады. Аталған сома жалпы түсімнің 45,9%. Аталған көрсеткіштерге мемлекеттік қаржылық және қаржылық емес қолдау шараларының арқасында қол жетті. Жыл басынан бері жергілікті бюджеттен бизнеске қолдау көрсету үшін 9 345 млн теңге бөлінді, — дейді ол.