
Кепілдендірудің жаңа тетіктері туралы Астана қаласының инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары айтып берді.
— Биыл 2 шілдеден бастап бірыңғай кешенді бағдарламаға субсидиялау және кепілдендіру тетіктеріне өзгерістер енгізіледі. Сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау шағын және микро кәсіпкерлік субъектілеріне, соның ішінде әлеуметтік кәсіпкерлерге экономиканың басым секторларында (өңдеуші өнеркәсіп, білім беру, туризм, денсаулық сақтау тағы басқа) беріледі. Субсидия арқылы берілетін несиелер инвестициялық мақсатқа, айналым қаражатын толықтыруға (3 жылға дейін), сондай-ақ ағымдық несиені қайта қаржыландыруға 1 жылға дейін) бағытталады, — деді Қуаныш Сапаров Астана қаласы коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Одан әрі әкімдік өкілі субсидиялау және кепілдендіру тетіктерін түсіндірді.
— Субсидияланатын несиенің ең жоғарғы сомасы — 200 млн теңге. Қарыз алушы үшін соңғы мөлшерлеме — кемінде 12,3%, әлеуметтік кәсіпкерлер үшін — 11,3%. Сондай-ақ, «Даму» қоры тарапынан жаңа «Өрлеу» бағдарламасы іске қосылмақ. Бұл құрал өңдеуші өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, көлік, білім беру, медицина сияқты басым секторларға жататын микро, шағын және орта бизнеске арналған. Жеңілдетілген несие шарттары бойынша инвестициялық мақсатта — 7 млрд теңгеге дейін, айналым қаражатына — 3,5 млрд теңгеге дейін, пайыздық мөлшерлеме — 12,6%-дан аспайды, инвестиция мерзімі — 10 жылға дейін, айналым қаражаты — 3 жылға дейін, — деп толықтырды спикер.
Субсидия мен несиені кепілдендіру тетігі екі қор арқылы жүзеге асырылады.