Бізге жазылыңыз:

Қазақстанда отандық өндіріс пен импортты алмастыруға қолдау күшейтілуде

Қазақстанда отандық өндіріс пен импортты алмастыруға қолдау күшейтілуде

Мемлекеттік сатып алу, жеңілдетілген қаржыландыру және ұзақмерзімді келісімшарттар қазақстандық өндірушілерге тұрақты сұраныс қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр.

Қазақстанда отандық тауар өндірушілерді қолдау және импортты алмастыру бағытындағы шаралар кеңейтіліп жатыр. Үкіметтің жұмысы жаңа өндірістерді іске қосуға, қазақстандық қамту үлесін арттыруға және ел ішінде толық өндірістік тізбектер қалыптастыруға бағытталған.

Мемлекеттік сатып алу арқылы сұраныс қалыптасуда

Отандық кәсіпорындарды қолдаудың негізгі құралдарының бірі — мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алулар.

2025 жылы «Самұрық-Қазына» тобының қазақстандық тауар өндірушілерден сатып алу көлемі екі есеге өсіп, 2,2 трлн теңгеге жуықтады. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында жалпы құны 594 млрд теңге болатын 3,8 мыңнан астам келісімшарт жасалды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 46%-ға жоғары.

Оның ішінде құны 343 млрд теңгені құрайтын 171 ұзақмерзімді келісімшарт бар.

Офтейк-келісімшарттар да жаңа өндірістерді іске қосуға мүмкіндік береді. 2025 жылы жалпы құны 257,5 млрд теңге болатын 363 офтейк-келісімшарт жасалды.

Соңғы жеті жылда «Самұрық-Қазына» тобының қолдау тетіктері арқылы құны 610 млрд теңге болатын 108 жаңа өндіріс жобасы мақұлданды. Оларды іске асыру нәтижесінде 3 мыңнан астам жұмыс орны ашылуы жоспарланған.

Қаржыландыру көлемі артып келеді

Кәсіпкерлерге қолжетімді қаржы ұсыну үшін «Бәйтерек» холдингінің даму институттары жұмыс істейді.

2024 жылдан 2026 жылғы тамызға дейін «Даму» қоры өңдеу өнеркәсібіндегі 10,3 мың жобаға 2,2 трлн теңге көлемінде қолдау көрсетті.

Қазақстанның даму банкі 2025 жылы 77 инвестициялық жоба мен экспорттық операцияны 2,3 трлн теңгеге қаржыландырды. Нәтижесінде 10 ірі өндірістік нысан жаңғыртылып, пайдалануға берілді.

Ал 2024–2026 жылдары «Өнеркәсіпті дамыту қоры» 153 отандық тауар өндірушіге 943 млрд теңгеден астам қолдау көрсетті.

Өндірісті локализациялау жалғасуда

Қазақстанда автомобиль жасау, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, металлургия және химия салаларында өндірісті локализациялау жобалары іске асырылуда.

Автомобиль өнеркәсібінде кейбір маркалар бойынша локализация деңгейі 40%-ға жетті. 2024–2025 жылдары Kia Qazaqstan және Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауыттары іске қосылды.

Сонымен қатар автокомпоненттер, шиналар, теміржол вагондары, ауыл шаруашылығы және жол-құрылыс техникасы өндірісі дамып келеді.

Жеңіл өнеркәсіпте Түркістан облысында мақтаны өңдеуден бастап дайын тоқыма өнімдерін шығаруға дейінгі толық циклді кешен салынуда. Жоба аясында 1,3 мың жұмыс орны құрылмақ.

Мұнай-газ саласындағы қазақстандық қамту

Үкімет мұнай-газ жобаларында отандық тауарлар мен қызметтер үлесін арттыруға да басымдық беріп отыр.

Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған жобалары аясында жергілікті қамтуды дамыту бағдарламалары іске асырылуда. Қазақстанда мұнай-газ саласына арналған 10 жабдық өндірісі локализацияланды.

2027 жылға дейін жетекші шетелдік өндірушілерді тарта отырып, тағы 15 өндірісті іске қосу жоспарланған.

Мұнай-газ компаниялары мен отандық өндірушілер арасындағы ұзақмерзімді келісімшарттардың көлемі де өсіп келеді. 2024 жылы олардың сомасы 21 млрд теңге болса, 2025 жылы 49 млрд теңгеге жетті.

Жалпы, мемлекеттік қолдау шаралары өндірісті ұлғайтуға, импортқа тәуелділікті азайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және қазақстандық кәсіпорындардың ішкі әрі сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.

Ұқсас материалдар