Түркияның SunExpress әуе компаниясы Қазақстан мен Түркия арасындағы әуе қатынасын кеңейтуді жоспарлап отыр. Компания Астана – Измир бағыты бойынша тұрақты рейстерді іске қосуды көздейді.
Бұл туралы 15 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті басшылығының SunExpress өкілдерімен кездесуінде белгілі болды.
Жаңа бағыт бойынша рейстерді аптасына екі рет – сәрсенбі және сенбі күндері орындау жоспарланған. Ұшулар Boeing 737 әуе кемелерімен жүзеге асырылады.
Алматы – Измир рейстері көбейеді
Сонымен қатар, әуе компаниясы қолданыстағы Алматы – Измир бағыты бойынша рейстер санын арттырмақ.
25 қазаннан бастап бұл бағыттағы ұшулар жиілігі аптасына екі рейстен үш рейске дейін көбейеді.
Қазақстан Көлік министрлігінің мәліметінше, халықаралық әуе қатынасының географиясын кеңейту және қолданыстағы бағыттар бойынша рейстер санын арттыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.
Жаңа бағыттың ашылуы мен рейстер санының өсуі Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-экономикалық, іскерлік және туристік байланыстарды одан әрі дамытуға мүмкіндік береді деп күтілуде.





