Бізге жазылыңыз:

Маңғыстауда көлік инфрақұрылымын дамыту жобалары талқыланды

Маңғыстауда көлік инфрақұрылымын дамыту жобалары талқыланды

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапары барысында Маңғыстау облысындағы көлік инфрақұрылымын дамыту жобаларының іске асырылу барысын тексерді.

Сапар аясында Ақтау теңіз сауда порты, Құрық порты және Ақтау халықаралық контейнерлік хабының жұмысы таныстырылды. Бұл нысандардың дамуы Каспий теңізі арқылы жүк тасымалын арттырып, Қазақстанның Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша транзиттік мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.

Ақтау портының жылдық өндірістік қуаты 11,8 млн тонна, Құрық портының өткізу қабілеті 6 млн тонна. Ал Ақтау халықаралық контейнерлік хабы жылына 240 мың жиырма футтық эквивалент контейнерге дейін өңдей алады. Хабтың бірінші кезеңі 2026 жылғы наурызда пайдалануға берілді.

Маңғыстау вокзалы жаңғыртылуда

Жұмыс сапары кезінде Маңғыстау теміржол вокзалын қайта жаңғырту жобасының орындалуы да қаралды. Жауапты мамандар нысанның дайындық деңгейі мен құрылыс жұмыстарының қарқыны туралы баяндады.

Жаңғырту нәтижесінде қазіргі вокзал ғимаратының орнына заманауи талаптарға сай жолаушылар кешені қалыптасады. Оның жалпы алаңы 763,7 шаршы метрден 8 899 шаршы метрге дейін ұлғаяды.

Жаңа вокзалда кең күту залдары, билет кассалары, жолаушыларға қызмет көрсету орындары және ана мен бала бөлмесі қарастырылады. Сонымен қатар ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін кедергісіз орта қалыптастыруға басымдық берілуде.

Маңғыстау вокзалын жаңғырту елдегі теміржол инфрақұрылымын жаңарту жөніндегі ауқымды жұмыстардың бір бөлігі саналады. Жобаны іске асыру жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттырып, нысанның заманауи талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Ұқсас материалдар