Көмірден газ, дизель отыны және кокс өндіретін жаңа жобалар жүзеге асып жатыр
Энергетика министрлігінің мәліметінше, көмір химиясын дамыту көмір өнеркәсібін жаңғыртудың және жаңа өндірістер қалыптастырудың негізгі бағыттарының бірі ретінде қарастырылып отыр.
Қазіргі уақытта салада үш ірі жоба жүзеге асуда.
– Қарағанды облысында жылына 1 миллион тонна металлургиялық кокс өндіретін зауыттың құрылысы жүргізілуде. Жоба аясында 500-ге дейін жаңа жұмыс орны ашылады, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар Павлодар және Қарағанды облыстарында көмірден дизель отынын өндіретін екі кәсіпорын салынуда.
Әр жобаның өндірістік қуаты жылына 100 мың тоннаны құрайды.
Бұдан бөлек, көмір химиясы саласында тағы үш перспективалы жоба пысықталып жатыр.
Атап айтқанда, Қарағанды облысында таскөмір шайырын қайта өңдеу, бензол өндіру және кокс газын тазарту бағытындағы кокс-химия өндірісін құру мәселесі қарастырылуда.
Ал Абай облысында аммиак пен карбамид өндіру жобасы әзірленіп жатыр.
– Тағы бір перспективалы жоба көмірден газ өндіруді көздейді. Қазіргі уақытта оны іске асыру алаңы анықталуда, – деп хабарлады Энергетика министрлігі.
Ведомствоның мәліметінше, Қазақстанның мол көмір қоры көмірді терең өңдеу мүмкіндіктерін кеңейтіп, жаңа жоғары технологиялық өндірістер құруға мүмкіндік береді.





