Бізге жазылыңыз:

Қазпошта мен Қаржы министрлігі жаңа қаржыландыру механизмін әзірлейді

Қазпошта мен Қаржы министрлігі жаңа қаржыландыру механизмін әзірлейді

Жаңа Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің отырысында «Қазпошта» АҚ қызметін салықтық реттеу және әмбебап пошта қызметтерін қаржыландыру мәселелері талқыланды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Жиын Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өтті.

Отырыс барысында «Қазпошта» өкілдері салық заңнамасының жекелеген нормаларын қолдану тәжірибесі мен олардың компанияның қаржылық қызметіне әсері туралы баяндады. Сондай-ақ қолданыстағы салықтық реттеу тетіктерін жетілдіруге бағытталған ұсыныстар қаралды.

Қатысушылар ұлттық пошта операторының әлеуметтік маңызы бар міндеттерін тұрақты орындауы мен халыққа әмбебап пошта қызметтерін үздіксіз көрсету мәселесіне ерекше назар аударды.

Талқылау қорытындысы бойынша «Қазпошта» АҚ мен Қаржы министрлігіне 2027 жылға арналған республикалық бюджет жобасын әзірлеу кезінде әмбебап пошта қызметтерін қаржыландыру тетіктерін жетілдіруді пысықтау тапсырылды.

Аталған жұмыс жаңа Салық кодексін іске асыру және мемлекеттік қаржы жүйесінің тиімділігін арттыру аясында жүргізіліп жатыр.

Ұқсас материалдар