Қазақстандық өндірушілермен 82 млрд теңгеге 45 мыңнан астам келісім жасалды
Қазақстанда отандық өндірушілерді қолдау шаралары нақты нәтиже беріп жатыр. Биылғы алғашқы алты айда мемлекеттік органдар қазақстандық кәсіпорындармен жалпы құны 82 млрд теңгені құрайтын 45 мыңнан астам келісімшарт жасасты.
Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді. Оның айтуынша, өңдеу өнеркәсібі қаңтар–маусым айларында 9,8%-ға өсіп, өндірілген өнім көлемі 16 трлн теңгеден асты. Сонымен қатар шикізаттық емес экспорт 14,6%-ға ұлғайып, шамамен 12 млрд АҚШ долларына жетті.
Министрдің мәліметінше, мемлекеттік сатып алуда 5 323 түрлі тауар бойынша отандық өнімге басымдық берілген. Ал «Самұрық-Қазына» қорының қолдау тетіктері аясында қазақстандық өндірушілермен 3,8 мың келісім жасалып, оның ішінде 390 млрд теңгеге ұзақ мерзімді және офтейк-келісімшарттар рәсімделген.
Жер қойнауын пайдалану секторында да кепілдендірілген сатып алу көлемі артып келеді. Бұл бағытта жалпы сомасы 123 млрд теңгеге 425 келісімшарт жасалған.
Қолдау шаралары өндіріс орындарының жүктемесіне де оң әсер еткен. Мысалы, Шымкенттегі трансформатор шығаратын зауыттың өндірістік қуаты 90%-ға, Семейдегі кабель өндіруші кәсіпорынның жүктемесі 72%-ға, Қарағандыдағы арқан шығаратын өндірістің көрсеткіші 71%-ға дейін жеткен.
2023 жылдан бері елде өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған 623 жаңа жоба іске қосылды. Олардың қатарында бұрын Қазақстанда өндірілмеген локомотив бөлшектері, автобус компоненттері, тұрмыстық техника, ламинат, жылыту радиаторлары және басқа да өнім түрлері бар. Ал 2030 жылға дейін тағы 478 өндірістік жобаны іске қосу жоспарланып отыр.
Министрлік мәліметінше, өндірісті қолдау мақсатында Қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімі енгізіліп, арнайы экономикалық аймақтарды дамытудың жаңа моделі әзірленген. Сонымен қатар минералды тыңайтқыштар экспорты лицензияланып, металл сынықтарының айналымын реттеу күшейтілді және бірқатар құрылыс материалдарының импортына шектеулер енгізілді.
Министр Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, бұл шаралар алдағы уақытта да отандық өндірісті кеңейтуге, өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға және қазақстандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталады.





