Қазақстанда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарды лицензиялау жұмыстары жалғасып жатыр. 2026 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 625 ұйым тиісті рұқсат алған. Олардың қатарында 463 коммуналдық мемлекеттік мекеме және 162 үкіметтік емес ұйым бар. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Міндетті лицензиялау 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілді және меншік нысанына қарамастан барлық ұйымға қолданылады. Оның мақсаты – әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру және алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Қазіргі уақытта елімізде шамамен 108 мың адам арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылған. Олардың қатарында мүгедектігі бар адамдар, қарт азаматтар, белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар, адам саудасы мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендер, сондай-ақ әлеуметтік қолдауды қажет ететін өзге де азаматтар бар.
Лицензия алу үшін қызмет көрсетушілер Еңбек министрлігі белгілеген біліктілік талаптарына сай болуы керек. Талаптар қызмет көрсету форматына қарай ерекшеленеді. Атап айтқанда, стационарлық, жартылай стационарлық, уақытша болу жағдайында немесе үйде көрсетілетін қызметтерге арналған жеке шарттар қарастырылған.
Мәселен, қызмет көрсетілетін ғимараттар мен үй-жайлар санитариялық және өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес болуы тиіс. Сонымен қатар кіреберістердің, қозғалыс бағыттарының, қызмет көрсету бөлмелері мен санитариялық-тұрмыстық орынжайлардың мүгедектігі бар адамдар мен жүріп-тұруы шектеулі азаматтар үшін қолжетімділігі қамтамасыз етілуі қажет.
Ұйымдар қажетті материалдық-техникалық базамен, соның ішінде жиһазбен, жабдықтармен және құрал-саймандармен қамтамасыз етілуі керек. Қызметкерлер саны белгіленген штат нормативтеріне сәйкес болуы, ал мамандардың білімі мен біліктілігі тиісті құжаттармен расталуы тиіс.
Стационарлық және жартылай стационарлық ұйымдар заңнамада көзделген жағдайларда қызмет алушылардың тамақтануын ұйымдастыруы немесе тиісті шарт жасасуы қажет. Ал үйде қызмет көрсететін ұйымдарға үй-жайлар мен жабдықтарға қатысты кейбір талаптар бойынша ерекшеліктер қарастырылған.
Лицензия алу үшін өтінімдер Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы электронды форматта қабылданады. Өтініш беруші ұйым белгіленген талаптарға сәйкестігін растайтын мәліметтер мен құжаттарды ұсынуы керек.
Құжаттарды Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаменттері тексереді. Мамандар ұсынылған материалдарды зерделеп қана қоймай, ұйымның нақты жұмыс жағдайын да бағалайды. Қажет болған жағдайда тексеру нысанның орналасқан жеріне барып жүргізіледі.
Біліктілік талаптарына сәйкес келмеу лицензия беруден бас тартуға негіз болуы мүмкін. Анықталған кемшіліктерді жойғаннан кейін ұйым қайта өтінім беруге құқылы.
Министрліктің мәліметінше, лицензиялау жүйесі арнаулы әлеуметтік қызмет алушылардың құқықтарын қорғауға және сапалы көмектің қауіпсіз жағдайда көрсетілуіне бағытталған. Белгіленген талаптар ұйымның бүкіл қызметі барысында сақталуы тиіс.





