Қазақстан мен Түркия арасындағы әуе қатынасы кеңейеді. 13–14 тамызда Ыстанбұлда өткен келіссөздер қорытындысында екі елдің авиация билігі азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықты күшейту туралы жаңа меморандумға қол қойды.
Келісім бойынша негізгі бағыттарда, соның ішінде Ыстанбұлдан Астана, Алматы және Шымкентке, сондай-ақ Анкарадан Астана мен Алматыға орындалатын рейстер саны аптасына 76-дан 138-ге дейін көбейеді.
Туристік бағыттар бойынша да мүмкіндік кеңейтілді. Анталья мен Бодрумнан Қазақстан қалаларына рейстер саны аптасына 44-тен 86 рейске дейін арттырылмақ.
Осылайша аталған негізгі және туристік бағыттар бойынша рұқсат етілген рейстердің жалпы саны 120-дан 224 рейске дейін көбейді.
Сонымен қатар қалған бағыттар бойынша екі елдің әуе компанияларына аптасына 14 рейске дейін орындауға мүмкіндік берілді. Бұл Қазақстан мен Түркия арасындағы тікелей әуе қатынасын одан әрі дамытуға жол ашады.
Жүк тасымалы да кеңейеді
Келіссөздер барысында жүк тасымалына қатысты да маңызды уағдаластыққа қол жеткізілді. Екі тарап үшінші елдерге тасымал жасау мақсатында әуе еркіндігінің бесінші дәрежесін пайдаланып, 76-ға дейін жүк рейсін орындауға келісті.
Бұл келісім Қазақстанның транзиттік және логистикалық әлеуетін дамытуға, сондай-ақ халықаралық жүк тасымалдарының көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, тараптар ұшу және авиациялық қауіпсіздік, әуе көлігін мемлекеттік реттеу, авиациялық оқиғаларды тергеу, әуежай инфрақұрылымын дамыту және саланы цифрландыру бағыттарындағы ынтымақтастықты күшейтуді жоспарлап отыр.
Әуе қатынасының кеңеюі жолаушылар үшін рейстердің қолжетімділігін арттырып, туристік ағынды ұлғайтуға және екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға ықпал етеді.
Дереккөз: Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі.





