Қазақстанның IT қызметтері экспорты 2025 жылдың қорытындысы бойынша 1,1 млрд долларға жетті. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда шамамен 60%-ға жоғары. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Парламент палаталарының бірлескен отырысында мәлімдеді.
Үкімет басшысының айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде цифрландыру мен жасанды интеллектті дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы кезеңде цифрлық кодекс пен «Жасанды интеллект туралы» заң қабылданып, саланың құқықтық негізі қалыптастырылды.
Сонымен қатар Президенттің Жарлығымен Digital Kazakhstan жалпыұлттық стратегиясы бекітіліп, 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды.
Премьер-министр кадр даярлау мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, AI Sana бағдарламасы аясында 1 миллионнан астам адам жасанды интеллект негіздері бойынша оқытылған. Бұл бағыттағы жұмыстар мектептер мен жоғары оқу орындарында жалғасады.
Олжас Бектенов IT экспортының өсімі экономиканы әртараптандыру үшін маңызды екенін атап өтті.
– 2025 жылы IT экспортының көлемі 1,1 млрд долларға жетті. Бұл жақсы нәтиже. 2024 жылы бұл көрсеткіш 690 млн доллар болған еді. Яғни бір жылдың ішінде шамамен 60%-ға өсті, – деді Үкімет басшысы.
Сонымен бірге Премьер-министр әлемдік нарықтағы бәсекенің күшейіп келе жатқанын айтып, саланы одан әрі дамыту үшін жаңа бастамалар мен белсенді шаралар қажет екенін жеткізді.





